Жайыққа демалуға барған ер адам бір ажалдан аман қалды

Жайық өзенінде суға батып бара жатқан адамды Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери қызметшілері құтқарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Есет батыр Көкіұлы атындағы 20982 әскери бөлімінің 2-құтқару батальонының әскери қызметшілері Ералы Климов және Айсұлтан Насыров Орал қаласының шетінде Жайық өзенінде парульдеу кезінде батып бара жатқан адамды байқаған.
«Олар жедел әрекет етіп, 1989 жылы туған ер адамды құтқарып, жедел жәрдем келгенше алғашқы көмек көрсетті», - деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
Құтқарылған адам медицина қызметкерлеріне тапсырылды.
ТЖМ мамандары су айдындарында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
Еске сала кетейік, 11 шілде күні Ақтөбе қаласына жақын орналасқан Қурайлы ауылында 14 жастағы жасөспірім Елек өзеніне батып кетті. Облыстық ТЖД мәліметінше қайтыс болған бала 2011 жылы туған.