Ұлыбритания кәсіпорындары төрт күндік жұмыс аптасына біржола көшетін болды
Мамандар мұны заманауи еңбек нарығының талаптарына сай келеді деп отыр

Ұлыбританияда жұмыс аптасын қысқарту туралы 6 ай бойы жүргізілген пилоттық жоба сәтті аяқталды. Оған қатысқан 17 кәсіпорын төрт күндік жұмыс аптасына түпкілікті көшті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жобаға 1000-ға жуық жұмысшы қатысқан. Компаниялар олардың жалақысын толық сақтай отырып, жұмыс уақытын ғана қысқартты.
Тәжірибені 4 Day Week Foundation қоры ұйымдастырған. Қор өкілдері бұл бастама қызметкерлердің өнімділігін арттырып, психологиялық күйзелісті азайтатынын жеткізді. Бостон колледжінің зерттеушілері жүргізген сауалнама нәтижесіне сәйкес, қатысушылардың 62%-ы мазасыздықтан арылғанын, 45%-ы өміріне риза бола бастағанын айтқан.
Қатысушы компаниялар қатарында қайырымдылық ұйымдары мен шағын кәсіпорындар бар. Мәселен, BrandPipe веб-бағдарламалау компаниясы сатылымның артқанын және тиімділік екі есе өскенін хабарлады.
Қор өкілдері төрт күндік жұмыс аптасын кең көлемде енгізу үшін үкімет арнайы жұмыс уақыты жөніндегі кеңес құруы қажет деп есептейді. Жобаға қатысушы компаниялардың саны да артып келеді.
Мамандардың пікірінше, бұл бастама заманауи еңбек нарығының талаптарына сай келеді, әрі жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті жақсартуға мүмкіндік береді.