ШҚО әкімдігі 50 мың оқырманы бар 8 блогерге 9,8 млн теңге төлеп, шығыстың қысын көрсетпек
Бұл блогерлерден бөлек, ақпараттық турға бір шетелдік блогер қатысуы керек
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына қарасты «Шығыс Қазақстан облысының туристік ақпараттық орталығы» 9,8 млн теңге ұсына отырып, ақпараттық турдың тендерін жариялайды, деп жазады Azattyq Rýhy.
Лоттың техникалық құжаттамасына қарасақ, әкімдік блогерлерді 2024 жылдың желтоқсаны бастала сала күтеді. Ең бастысы, ақпараттық тур 23 желтоқсанға дейін өтіп қоюы керек. Әкімдіктің ең маңызды талабы – тендерді жеңіп алған компанияның туроператор ретінде тіркелген лицензиясы болуы шарт.
«Қатысушылар контингенті – Қазақстаннан кемі 8 саяхатшы блогер, кемінде 1 шетелдік блогерлер, туризм секторын (саяхат) көрсететін кемінде 1 республикалық БАҚ өкілі. Әрбір туристік блогердің Instagram әлеуметтік желілерінде кемінде 50 мың жазылушысы болуы қажет. Сонымен қатар, блогерлердің контенті мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде болуы керек», - деп жазады тендер ұйымдастырып отырған мекеме.
Бұл лот үшін ШҚО әкімдігіне қарасты мекеме 9,8 млн теңге бөлген. Мемлекеттік сатып алудың ережелеріне сай, қай турагенттік ең төмен баға ұсынса, сол компания жеңімпаз атанады.
«Бұл ақшаға әрбір блогер өзінің Instagram, TikTok аккаунтында осы оқиға туралы тапсырыс берушінің ресми парақшасын белгілеп, кем дегенде 1 пост жариялауы керек. Сондай-ақ Instagram немесе Tik Tok парақшаларында кемінде 10 оқиға орналастыруы керек», - деп жазылған лоттың техникалық құжаттамасында.
Жалпы айтсақ, тур Шығыс Қазақстан облысының қысқы демалыс орындарын жарнамалауды көздейді. Өйткені, техникалық құжаттамада жазылғандай, блогерлер Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында кем дегенде 2 тау шаңғы курортын, Быструха ауылының жанында кемінде 1 экоқонақ үйді, Таулы Үлбі ауылының жанында кем дегенде 1 эко-стильдегі мейрамхананы, Черемшанка, Таулы Үлбі, Быструха ауылдарындағы кемінде 2 демалыс базасын, кемінде 1 бал шығаратын цехты аралап, жарнамалауы тиіс. Сонымен қатар, олар Риддер қаласында кемі 3 демалыс базасын, кемінде 1 тау шаңғы курортын, кемінде 3 мейрамхана, кемінде 2 фрирайд базасы, кемінде 1 биік таулы базаны және Ұлан ауданындағы Сібе көлдерін аралауы тиіс.