Анонимді Telegram-арнаның авторына сот үкімі шықты
Әділбековке Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған
Бүгін Астана қаласы сотында «Дикая орда» Telegram-арнасының авторы Данияр Әділбековке сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy журналист Михаил Козачковқа сілтеме жасай отырып.
Сот оны 4,5 жылға бас бостандығынан айыру туралы жаза кесті.
Бұған дейін прокурор «Данияр Әділбеков «Дикая орда» телеграм-арнасын өзі көлеңкеде қалып, жалған ақпарат таратып отыру үшін» сатып алғанын мәлімдеп, журналисті бес жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.
Данияр Әділбеков Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айыпталған:
- 419-бабы, 3-тармағы «Адамды сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптаумен қылмыс жасалғаны туралы көрiнеу жалған сөз жеткiзу».
- 274-бабы, 2-тармағы, 3-тармақшасы «Масс-медианы, телекоммуникация желілерін және онлайн-платформаларды пайдалана отырып көрінеу жалған ақпарат тарату».
Осы іс бойынша энергетика вице-министрі Ерлан Аккенженов, Астана әуежайының басқарма төрағасы Юсуф Альджавдер және Elmedia жобасының авторы Гүлжан Ерғалиева жәбірленуші деп танылған.
Айта кетері, Данияр Әділбеков сәуір айынан бері қамауда отыр.