«Қыз бала иттен қашқан»: Үржарда оқушыны қағып өлтірген имамға қатысты тың дерек анықталды
Бұл туралы редакцияға Абай облысының бас имамы айтып берді
Абай облысының бас имамы Асқар Мұқанов Үржарда 11 жастағы баланы қағып өлтірген ауыл мешітінің молдасына қатысты және оқиға туралы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Оқыс оқиға 14 қазан күні сағат 11:50-де болған. Абай облысы Үржар ауданы Үржар ауылдық мешітінің имамы Ақжігітов Қайырбек Қалибекұлы ауылдың ішінде жеке көлігімен келе жатқанда 5-сынып оқушысы Нұрай Сымбатқызы атты жеткіншекті абайсызда қағып кетеді», - дейді облыстың бас имамы.
Асқар Мұқановтың айтуынша, ауыл имамы Қайырбек Ақжігітов ақырын келе жатқамын деп айтқан.
«Қайырбек Ақжігітовтің өзі және куәгерлердің айтуынша, ол көлік жылдамдығын сағатына 40 шақырымнан асырмаған. Қыз баланы көшеде бөтен ит қуған, сонда қыз бала абайсызда жол ортасына жүгіріп шыққан. Қайырбек имам көлікті тоқтатып үлгермеген. Жол апатынан кейін Қайырбек Қалибекұлы баланы дереу ауруханаға жеткізген. Өкінішке қарай, оқушы қыз ауыр жарақаттан ота үстінде көз жұмды. Оқиға байланысты тергеу жүріп жатыр», - дейді Асқар Мұқанов.
Абай облысының бас имамы атағандай, Қайырбек имам 10 жылдан аса уақыттан бері Үржар ауылдық мешітінде абыроймен қызмет істеп келе жатқан дін маманы.
«Қызмет барысында қандай да бір тәртіп немесе ереже бұзған жағдайлар болған жоқ. Бұндай оқыс жағдай бірінші рет орын алып отырғанын мәлімдеймін», - дейді Асқар Мұқанов.
Еске салсақ, 14 қазанда Үржар ауданының имамы 11 жастағы оқушыны қағып кеткені жайлы жазған едік.