Халықтық штаб Алатау қаласындағы әскери бөлімге барды
Онда Ұлттық ұлан әскерлерімен кездесу өтті
Халықтық штаб мүшелері Алматы облысы Алатау қаласындағы Ұлттық ұланға қарасты әскери бөлімдегі сарбаздармен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy халықтық штабтың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Кездесу барысында Халықтық штаб мүшесі Роза Әбілова елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін АЭС жобасының маңызды екенін атап өтті.
Оның айтуынша, атом энергетикасы Қазақстанның болашағын айқындайтын стратегиялық қадамдардың бірі. Бұл жоба елді энергетикалық тәуелсіздікке жақындатып, экологиялық мәселелерді шешуге септігін тигізеді.
«Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі – болашағымыздың кепілі. Қазір біз электр энергиясы тапшылығын сезініп отырмыз. Ал дәстүрлі энергия көздері қоршаған ортаға зиян келтіріп жатыр. АЭС құрылысы – осы мәселелерді шешудің ең тиімді жолы. Бұл жоба біздің энергетикалық әлеуетімізді арттырып қана қоймай, экологиялық таза және тұрақты энергия көзін қамтамасыз етеді», – деді Роза Әбілова.
Ал Халықтық штаб мүшесі Ерлан Жақыпов өз сөзінде АЭС-тің экономикалық және экологиялық тұрғыдан тиімділігіне ерекше тоқталды. Оның сөзінше, Қазақстан уран қоры бойынша әлемде көшбасшы елдердің бірі болғандықтан, атом энергетикасын дамыту арқылы еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға мүмкіндік бар. АЭС парниктік газдардың шығарындыларын азайтуға және Қазақстанның экологиялық ахуалын жақсартуға үлкен үлес қосады.
«Бүгінгі таңда әлем бойынша жұмыс істеп тұрған 440-қа жуық АЭС-тер жыл сайын 2,5 миллиард тонна парниктік газдардың шығарылуын болдырмай отыр. Бұл – жаһандық экологиялық тепе-теңдікті сақтау үшін маңызды фактор. Қазақстанның да бұл технологиядан қалыс қалмай, болашаққа сенімді қадам жасауына барлық мүмкіндіктер бар», – деп атап өтті ол.
Жиын соңында штаб өкілдері алдағы референдумның маңыздылығын ерекше атап өтіп, әрбір азаматтың дауыс беруі арқылы ел болашағына өз үлесін қосатынын айтты.