«Не болып жатқанын естідіңіз бе?»: Бәзбіреулер Асхат Аймағамбетовтің атынан адам шошырлық хаттар жазып жүр

Аягөз Құрмаш

Депутат жауапты органдар дер кезінде қажетті шара қабылдамай отырғанына налыды

«Не болып жатқанын естідіңіз бе?»: Бәзбіреулер Асхат Аймағамбетовтің атынан адам шошырлық хаттар жазып жүр
Фото: скриншот

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов оның атынан хабарлама таратып жатқанын алаяқтар туралы айтып, шағымданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Кибералаяқтық проблемасы өршіп барады. Алаяқтар менің де атымнан SMS пен WhatsApp арқылы хабарласып жатыр. Шынын айтсам, күн сайын маған және менің таныстарыма әртүрлі деңгейдегі басшылардан, достардан немесе туыстардан жалған хабарламалар келіп жатыр. Менің ойымша, жауапты органдар қажетті шараларды дер кезінде қабылдай алмады. Құзыретті құрылымдар азаматтарды жаппай ақпараттық шабуылдар мен киберқылмыстардан қорғау үшін шұғыл шаралар қабылдауы керек еді», - дейді депутат.
 

Депутат ұсынған скриншоттардан байқағынымыз, әлдекімдер Асхат Аймағамбетовтің атын жамылып, адамды шошытатын сұрақтар қойған. Аймағамбетовтің атынан «не болғанын естіген шығарсыз» деп хат жазған алаяқ депутаттың басына қауіп төнген сияқты әсер қалдырғысы келіп, ортақ таныстарының атын атайды. Әрине, бұндай жағдайда шошыған адам телефон нөмірін тексермей, алаяқтың арбауына түсіп қалуы әбден мүмкін. 

«Бұл жағдайда ең таң қаларлық нәрсе - әлі де жауапты органдардан белсенді және ең бастысы тиімді әрекеттерді, шешімдер мен бастамаларды көріп жатқан жоқпыз. Дегенмен, арнайы органдарды күтпей, әрқайсымыз алаяқтардың әдістері туралы хабардар болып, өзімізді және жақындарымызды олардың әрекеттерінен қалай қорғау керектігін біліп, шара қолдануымыз керек», - дейді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.