Шетелге саяхаттамақ болған ақмолалық тұрғын алаяққа 1,2 млн теңге берген
Қосшы тұрғыны алданып қалғанын кейін түсінген

Шетелге саяхаттамақ болған ақмолалық тұрғын алаяққа алданып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қосшы қаласының тұрғыны шілдеде Instagram әлеуметтік желісінен шетелге турларды сату және ұсыну парақшасын байқап қалған. Содан қызығушылық танытқан әйел өзіне және отбасына Түркияға 1 296 000 теңге тұратын тур тапты. Сол күні өтініш беруші онлайн төлем жасаған.
Ал сатушы жолдамалар клиенттің электрондық поштасына бір тәулік ішінде түсетінін айтқан. Алайда кейіннен ақмолалық тұрғын билеттерді де, ақшаны да алмаған.
Алаяққа тап болғанын білген әйел Қосшы қаласының полиция бөліміне жүгінді.
«Осы факті бойынша тергеушілер сотқа дейінгі тергеуді бастады, ал заттай дәлелдемелер ретінде хат-хабарламалар мен төлем туралы түбіртектер алынды. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Полиция қызметкерлері аймақ тұрғындары мен қонақтарын интернет-дүкендер немесе әлеуметтік желілер арқылы кез келген тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде қырағы болуға шақырады», - деп хабарлады полиция.