Атырауда 500-ге жуық түйені қарақұрт шаққан
Симптоматикалық емдік шаралар нәтижесінде 306 жануар жазылып, 89 бас малдың емі жалғасуда
Атырау облысы аумағында, оның ішінде құмды аймақтарда, ауыл шаруашылығы жануарларына зиян келтіретін улы қарақұрт өрмекшілерінің саны артып келеді. Осы жылдың маусым-шілде айларында 485 түйені қарақұрт шағып, олардың 90 басы өлді, деп хабарлайдыAzattyq Rýhy Ақжайыққа сілтеме жасап.
Симптоматикалық емдік шаралар нәтижесінде 306 жануар жазылып, 89 бас малдың емі жалғасуда
Өлген мал иелеріне 65 211,2 мың теңге көлемінде шығын келтірілді.
Айта кету керек, улы жәндіктердің шағуының алдын алу, емдеу және өлген жануарлар үшін өтемақы төлеу бюджет қаражаты есебінен қарастырылмаған. Соған қарамастан, жергілікті ветеринарлар күнделікті улы жәндіктер шағып алған жануарларды емдеуді жалғастыруда. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы министрлігіне улы жәндіктерден қорғау немесе оларды жою шараларын бюджет қаражаты есебінен жүзеге асыруға енгізу туралы ұсыныс хат жіберілді.
Бұдан бөлек, мал иелеріне улы жәндіктер көп таралған жайылымдарда түйе, жылқы және сиыр бағудан бас тартуды, анықталған белгілер туралы ветеринар мамандарды дереу хабардар етуді және емдеу шараларын қабылдаған жануарларды ұстау ережелерін қатаң сақтауды ескертеміз.