Әнші Әбдіжаппар Әлқожа 10 тәулікке қамауға алынды
Оның мас күйде екені анықталды
Қазақстандық әнші Әбдіжаппар Әлқожа полицияның заңды талаптарына бағынбағаны үшін сот шешімімен 10 тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы Алматы облыстық ПД баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ПД мәліметінше, 6 шілдеде тәртіп сақшылары Toyota Camry автокөлігін тоқтатқан. Тексеру барысында жүргізушінің көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны анықталды.
«Автокөлікті айыппұл тұрағына жеткізген кезде KIA Сarnival автокөлігі келді, оның жолаушысы азамат М. (Әбдіжаппар Әлқожа) полиция қызметкерлеріне қысым көрсетіп, құқық бұзушының рәсімделуіне кедергі жасай бастады. Заңсыз әрекеттердің жолын кесу кезінде құқық бұзушы полиция қызметкерлеріне белсенді түрде қарсылық көрсетті. Ер адам медициналық куәландыруға жеткізіліп, оның «орташа» дәрежелі мас күйі расталды», - делінген хабарламада.
Нәтижесінде көлiк құралын басқару құқығынан айырылып көлiкті басқарғаны үшін Toyota Camry жүргізушісі 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды. Сондай-ақ сот шешімімен KIA Carnival жолаушысы Әбдіжаппар Әлқожа құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін ол да 10 тәулікке қамалды.