Оралда жедел жәрдем көлігі жол апатына ұшырады: зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды

Azattyq Rýhy

Бес адам жарақат алды

Оралда жедел жәрдем көлігі жол апатына ұшырады: зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды
Фото: Медет Медресов

Жол апаты 1 шілде күні сағат 22.00-де Черекаев көшесінде болған. ВАЗ-21099 және жедел жәрдемге тиесілі Hyundai көліктері соқтығысып, салдарынан 39 жастағы жеңіл көлік жүргізушісі ауруханаға барар жолда қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Мой город сайтына сілтеме жасап.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, апаттан тағы бес адам зардап шеккен – жедел жәрдемнің үш қызметкері және ВАЗ-дың екі жолаушысы. Қалалық көпсалалы ауруханаға екі ер адам мен екі әйел жеткізілді, олардың біреуін политравма бөліміне жатқызуға тура келді. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр. Ол қажетті ем алуда.

Қалған пациенттерді дәрігерлер қарап, амбулаторлық ем тағайындады.

Анықталғандай, апатта 12 жастағы қыз да жарақат алған. Оны облыстық балалар ауруханасына жеткізді. Бала дәрігерлердің қарауынан өтіп, амбулаторлық емделуге жіберілді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.