Павлодарда мас күйде автобус жүргізген азамат 15 тәулікке қамауға алынды
Өңірде «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр
Павлодарда мас күйде автобус жүргізген азамат 15 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
26 сәуірде сағат 07.00 шамасында Павлодар қаласының Қамзин – Теплов көшесінде Павлодар қаласының ПБ патрульдік полиция батальонының полицейлері ақырын жүріп келе жатқан автобусты тоқтатқан.
«Әңгіме барысында жүргізушіден алкогольдің иісі шыққан. Медициналық куәландыру 40 жастағы жүргізушінің мас күйінде көлік жүргізгенін растады. Автобуста жолаушылар болған жоқ. Осы факті бойынша жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлімі бойынша әкімшілік материал толтырылды. Материал сотта қаралды, жүргізуші 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды. Автокөлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды, – деді Павлодар қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының командирі Айдар Сламбеков.
26 сәуірден бастап Павлодар облысының аумағында «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Онда полицейлер автобустардың техникалық жай-күйін, жүргізушілердің рейс алдындағы медициналық тексерулерден өтуін, тіркеу құжаттарының болуын тексереді.