$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Петропавл тұрғыны баласының өлі туғанына дәрігерлерді кінәлайды

Оқиға 2021 жылы болған

Петропавл тұрғыны баласының өлі туғанына дәрігерлерді кінәлайды

Петропавл тұрғыны құрсағында 39 апта бойы көтерген сәбиінен айрылып қалды. Бала іште жатып, өліп қалған. Антонина Петренко болған жайтқа №3 қалалық емхананың дәрігерлері кінәлі деп есептейді. Оқиға 2021 жылы болған. Арада 2 жылға жуық уақыт өтсе де, айыптылар жазаға тартылмай келеді. Баласын қолына алып, құшағына баса алмаған ана әділдік іздеп, шарқ ұрып жүр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.   

ӨЗЕГІН ӨКІНІШ ӨРТЕЙДІ  

Антонина 2020 жылдың қыркүйегінде екінші құрсақ көтергенін білгенде қатты қуанғанын айтады. 2 жасар ұлының соңынан еретін бауырының болатынына күйеуінің де шаттығында шек болмапты. Бірден жүктілік бойынша өзінің тұрғылықты жеріне сәйкес №3 қалалық емханаға тіркеледі. Алайда араға бірнеше ай салып, өмірлік серігі дүние салады. Қатты стрестің әсерінен аяғы ауыр әйелдің жүрегінде тахикардия пайда болады. Ал жүктіліктің 6 айында баланың ерекше қимылдай бастағынын аңғарады. Шағымын арқалап, бірден дәрігерге барған. Алайда ол «сараптама қорытындыларының бәрі жақсы» деп пациентті шығарып салаған. Антонина бір жамандықты жүрегі сезіп, өзін ауруханаға жатқызуды талап еткенін айтады. Алайда дәрігер оның сөзін елемеген.

«Наурыз айының 25-і күні компьютерлік томографиядан өттім. Дәрігер баланың жағдайы жақсы екенін айтты. 29 наурыз күні аталған процедура қайта жасалды. Сол кезде сәбиімнің жүрегі тоқтағанын білдім. Бірінші КТГ-да дәрігердің нәтижені қағаздан емес, аппараттан қарап айтқаны белгілі болды. Лентада баланың жүрегі минутына 160 реттен соққаны көрініп тұрған екен. Алайда маман оны дұрыс қарамаған. Мен мұны 2021 жылдың тамызында фармацевтикалық бақылау қорытындысынан білдім», - дейді өзегін өкініш өртеген Антонина. 

«ЕҢ ҚИЫНЫ – ӨЛІ БАЛАНЫ ТУУ БОЛДЫ...»

Дәрігерлер толғақ шағыратын препарат беріп, Антонина іште өліп қалған баланы Петропавлдағы перинаталдық орталықта босанғанын айтады. Жас ана барлық қиындықтарға төзу оңай болмағанын жасырмады. Қайғылы оқиғаға қатысты іске адвокаттар тартылғаннан кейін ғана тергеу басталған. Прокурорлар араласып, қыздың қайтыс болу фактісіне қатысты қылмыстық іс ашылды. Тексеруді облыстық медициналық бақылау департаменті жүргізді. Мамандар астанадан тәуелсіз сарапшы шақыртқан.

«Тексеріс қорытындысы бойынша медициналық көмек көрсету стандарттарының және диагностика жасаудың клиникалық хаттамаларының бұзылғаны анықталды. Атап айтар болсақ, бала тууға қабілетті ананың жағдайы дер кезінде тексерілмеген. Жіті қаралмаған. Жүкті әйелге қатысты медициналық тексерістің жеке жоспары жасалмаған. Баланың жағдайы тексерілмеген. Әйел оның қозғалысына күдіктеніп, шағымданғанымен, компьютерлік томография уақытылы жасалмаған», - дейді СҚО бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің басшысы Батырхан Сарымсақов.

Қайғылы жағдайдан кейін ешкім ешқандай тексеріс жасамаған. Тек жәбірленуші тиісті органдарға шағымданғаннан кейін ғана медициналық бақылау департаментінің қызметкерлері акушер-гинекологқа қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, барлық материалдар полиция департаментіне жолданған. Әйелдің сөзінше, баланың қайтыс болу фактісі бойынша қылмыстық іс қайғылы оқиғадан кейін 5 ай өткенде ғана ашылған. 

«Баланың құрсақтағы өлімі фактісі бойынша ҚР ҚК 317-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті өндірісінде. Қазіргі уақытта осы қылмыстық іс бойынша қосымша комиссиялық сот-медициналық сараптама тағайындалды, оның нәтижелері бойынша заң жүзінде түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады», - делінген №3 қалалық емхананың басшылығы жолдаған жауапта.

«АУРУХАНА ҚҰЖАТТАРЫНЫҢ ПАРАҚТАРЫ ЖҰЛЫНҒАН...»

Жәбірленушінің заңды өкілі, заңгер Владимир Комаров материалдармен танысу барысында аурухана құжаттарының кейбір парақтары алынып тасталғанына, кейбірінде қаламмен түзетулер табылғанына көзі жеткенін айтады. Істі тергеу барысында 5 тергеуші ауыстырылды. Қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс үш рет тоқтатылды. Күдіктілер жоқ. Акушер-гинеколог дәрігер және қалалық емхананың сарапшысы қорғауға құқығы бар куәгерлер ретінде тіркелген. Заңгердің айтуынша, тергеуің баяу жүріп отырғанының өзі күдік туғызады.

«Осы санат бойынша қылмыстық жауапкершілік құқық бұзушылық жасалған кезден бастап 2 жыл ішінде өтеледі. Өйткені, бұл ауыр қылмысқа саналмайды. Кодекске сай кінәлі деп танылған тұлға ең көп дегенде 5 жылға бас бостандығынан айрылады. Ал қылмыстың жасалғанына 2 жыл өтіп кетсе, адам қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Сондықтан істің созылуында бір гәп бар», - дейді заңгер Юрий Комаров.

Антонина дәрігерлер өз кінәсін мойындамай отырғанын айтады. Ақ халаттылар баланың шетінеп кетуіне анасының денсаулығының нашар болғаны себеп екенін алға тарқан. Әйел басқа аналармен осындай жағдай қайталанбас үшін істі соңына дейін жеткізуге бекініп отыр.

Серіктес жаңалықтары