Қасақана өрт қойған: Май ауданында 75 тоннаға жуық шөп жанып кетті
Келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр
Павлодар облысы Май ауданында 75 тоннаға жуық шөп жанып кетті. Алдын ала болжам бойынша, өрт қасақана қойылған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 5 қаңтарда сағат 01:57-де өрт туралы хабар түскен.
«Оқиға орнына дереу өрт сөндірушілер келді. Майтүбек ауылында Б.Момышұлы көшесі Майтүбек, Гагарин көшесінде шаруашылық аулада 120 шаршы метр аумақта 40 тонна шөп жанды. Сондай-ақ, 105 шаршы метр аумақта 34 тонна шөп өртенді. Тілсіз жау сағат 06:30-да жойылды», — деді департаментте.
Келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр.
Өртті жою үшін Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінен бір техника мен төрт қызметкер, Май ауданының төтенше жағдайлар бөлімінен екі қызметкер, бір бульдозер және екі автокөлік жұмылдырылды.