$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Антикор қаңтар оқиғасына қатысты қанша қылмыстық істі тергеді

Бектенов азаптау ісінде кездескен қиындықтар туралы айтты

Антикор қаңтар оқиғасына қатысты қанша қылмыстық істі тергеді
Фото: ашық дереккөзден

Антикор төрағасы Олжас Бектенов Мәжілістің жалпы отырысында азаптау істері қалай тергелгенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy

Бектенов азаптау істерінде дәлелдеудің күрделі болатынын айтты.

Себебі, азаптаулар көбіне бас бостандығынан айыру орындарында немесе құқық қорғау органдарының ғимараттарында жасалады.

«Енді қаңтар оқиғасына тоқталайын. Азаматтардың күштік құрылымдар қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне берген арыздары бойынша қылмыстық істерді тергеу процесі бұдан да күрделі болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 432 қылмыстық істі тергеді. Оларды тергеуге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ең тәжірибелі тергеушілері тартылды. Негізгі қиындық – оқиғалардың ретсіз және жаппай болуымен байланысты. Арызданушылар бетперде (маска) таққан, каска киген полицейлерді көрсетті яғни олар жүзін де көрмеген. Есімдерін де білмейді. Тергеу көптеген бейнебақылау камеларының жұмыс істемеуіне байланысты қиындады», - деді ол.

Олжас Бектенов атағандай, тергеу жұмысын дұрыс ұйымдастыру 347 қылмыстық іс бойынша оқиғалардың хронологиясын қалпына келтіруге мүмкіндік берді.

«Азаптауларды тергеу жөнінде Ыстанбұл хаттамасының талаптары қатаң сақталды. Аталған хаттамаға сәйкес, 851 сот сараптамасы жүргізілді. Сот-медициналық сараптамасы 344 адамның қатысуымен жүргізілді. Нәтижесінде 239 адамда дене жарақаттары анықталды. 105 адамда дене жарақаты табылмады. Тағы 59 арызданушы құқығын пайдаланып, сараптама жүргізуден бас тартты. Объективті деректер жиынтығы негізінде дене жарақаттары көшедегі тәртіпсіздіктер кезінде алынды деген қорытынды жасалды», - дейді ол. 

Антикор басшысы мұны растау үшін мынадай статистиканы да келтірді.

«Арызданушылардың көп бөлігі яғни 403 арызданушының 271-і тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және оларға қатысу үшін билік өкілдеріне зорлық-зомбылық көрсету, қаруды ұрлау, тонау және басқа қылмыстар бойынша күдікті болып саналады. Бұл қылмыстық істерді арнайы прокурорлар мен полиция органдары тергеп жатыр. Қолда бар деректер бойынша 182 арызданушы сотталды. 18 адамға қатысты істер сотта қаралып жатыр. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әрекеттеріне арыздардың көпшілігі бір ай немесе одан да көп уақыт өткен соң түсе бастады. Бұл дәлелдеу процесін едәуір қиындатқанын атап өту керек», - деді ол.

Антикор басшысы Қостанайда жаппай тәртіпсіздікке қатысқан тұлғаның ісін мысалға алды.

«Мысалы, Қостанайда Ануханов жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу туралы қылмыстық іс бойынша күдікті бола тұра, азаптау туралы өтінішпен 45 күннен соң жүгінді. Сотқа дейінгі тергеп тексеру нәтижесінде полиция қызметкерлерінің азаптауға қатысы туралы дәлелдер расталмады. Қостанай қаласының соты Анухановты Қылмыстық кодекстің 72-бабы бойынша кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айырды. Мұндай мысалдар азаптау туралы мәлімдемелердің көбі заңсыз әрекеттер үшін жауаптан құтылу үшін жасалғанын көрсетеді. Тергеу нәтижесінде 347 іс қылмыстық құрамның болмауына байланысты қысқартылды. Себебі, қызметкерлердің заңға қайшы әрекеттері жеткілікті, объективті деректер анықталған жоқ. Қадағалаушы прокурорлар процестік шешімдерді бекітті. Қылмыстық-процестік кодекске енгізілген өзгерістерді ескеріп, прокуратура органдарына барлығы 56 қылмықтық іс жіберілді», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары