Шымкентте балабақша меңгерушісі 19,3 млн теңге жымқырғаны үшін сотталды
Заңсыз әрекет 2019 жылдан 2021 жылға дейін 3 жыл бойы жүргізілген

Шымкенттегі балабақша меңгерушісі балалардың сабаққа қатысу есебіне жалған мәліметтер енгізген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, заңсыз әрекет 2019 жылдан 2021 жылға дейін 3 жыл бойы жүргізілген.
«Меңгеруші «Балапан» бағдарламасы бойынша мектепке дейінгі білім беруді жан басына шаққандағы қаржыландыруға бөлінген 19,3 миллион теңге бюджет қаражатын заңсыз жымқырған», - делінген хабарламада.
ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті үш балабақша меңгерушісі болып қызмет еткен әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.
«Ол кінәлі деп танылып, 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, мемлекетке келтірілген 19,3 млн теңге залал толығымен өтелді», - делінген ведомство хабарламасында.