Түркістан облысында қызметкерінен ірі көлемде ақша талап еткен басшы ұсталды

Azattyq Rýhy

Күдікті жәбірленушіден 1 миллион теңге алған кезде қолға түсті

Түркістан облысында қызметкерінен ірі көлемде ақша талап еткен басшы ұсталды

Түркістан облысының полицейлері қызметкерінен ірі көлемде ақша талап еткен басшыны ұстады, деп  хабарлайды Azattyq Ruhy ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Түркістан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында алаяқтық жасады деген күдікпен Сарыағаш ауданының тұрғынын ұстады.

Нақтырақ айтсақ, Криминалдық полиция басқармасына Келес ауданының тұрғыны шағымданып, басшысының үстінен арыз түсірді. Яғни, арызда көрсетілгендей, мекемедегі бөлім басшысы қызметтік жағдайын пайдалана отырып, оның жұмыста қалу мүмкіндігі үшін үлкен көлемде ақша талап еткен.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша тіркеді.

«Осы қылмысты ашу мақсатында Криминалдық полиция басқармасы, жедел қимылдайтын арнайы жасақ пен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінен арнайы топ құрылып, күдіктіні ұстауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шаралары кешенін жүргізді. Жүйелі, жоспарға сай атқарылған жұмыс нәтижесінде, жедел уәкілдер Келес ауданы Абай кенті көшелерінің бірінде күдіктіні қылмыс үстінде ұстады», - делінген хабарламада.

Күдікті жәбірленушіден 1 миллион теңге алған кезде қолға түсті. Тінту кезінде полицейлер ұсталған тұрғыннан заттай дәлел ретінде ақша тәркіледі. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.