Өскеменде қоғамдық көлік бес жасар баланы қағып кетті
Алған дене жарақаттарынан бес жасар қыз оқиға орнында көз жұмды
Өскеменде қоғамдық көлік бес жасар баланы қағып кетті, деп хабарлайды Semeynews.kz.
ШҚО ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, жол-көлік оқиғасы 21 ақпанда сағат 17:00 шамасында облыс орталығының Бажов көшесінде болған.
“Қоғамдық көлік жүргізушісі жолаушыларды аялдамадан түсірген кезде қауіпсіздік талаптарын сақтамай, 5 жасар қызды қағып кетті. Алған дене жарақаттарынан қыз бала оқиға орнында жан тапсырды”, – делінген ақпаратта.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Аталған баптың санкциясы: белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.