Павлодарда есірткі жасырушы ұсталды
Күдіктілер қамауға алынды
Өңір аумағында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі арнайы бөлімшелер 93 есірткі қылмысын анықтады. Заңсыз айналымнан 24 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленді, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодар қаласында жүргізілген жұмыс нәтижесінде «героинді» аса ірі көлемде өткізуші азамат ұсталған. Синтетикалық есірткілерді таратумен айналысатын адамдар тобының қызметі тоқтатылды.
"Аталмыш азамат есірткіні Нұр-Сұлтан қаласынан Павлодар және Екібастұз қалаларына жеткізіп, ары қарай өткізу үшін жеткізілген қалада бөлшектеп, орап жасырын орындарда қалдырып отырған. Мұны қылмыстық топтың қалған қатысушылары белгіленген жерге тығып қою арқылы жүзеге асырып келген. Барлық күдіктілер қамауға алынды. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 2 келіден асты", - деді Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов.
Сонымен қатар, интернет кеңістігіне жүргізілген мониторинг нәтижесінде есірткі құралдары мен психотроптық заттардың таралуы туралы ақпаратты қамтитын 10 сайт пен басқа да ресурстар анықталып, бұғатталды.