Нұр-Сұлтанда 90 жастағы қарияға шабуыл жасаған ер адам ұсталды

Azattyq Rýhy

Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды

Нұр-Сұлтанда 90 жастағы қарияға шабуыл жасаған ер адам ұсталды
Фото: vedtver.ru

Нұр-Сұлтан қаласының полиция қызметкерлері 88 жастағы қарияға шабуыл жасаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында қарақшылық шабуыл жасады деген күдікті азаматты қолға түсірген.

88 жастағы қария полицияға арызында түнде есігін белгісіз біреудің қаққанын, ал есікті ашып қалған сәтте қатты соққы алғанын айтқан.

Қарақшы қария кісіге шабуыл жасап, алтын сақинасын шешіп алған. Оны аз көрген ер адам бөлмені шарлап жүріп тағы бір алтын сақинаны алып кеткен.

«Тергеу барысында қаскүнемнің Затаевич көшесінде жалға берілетін пәтерді жалдағаны анықталды. Қарсы пәтерде жалғыз адамның тұратынын біліп, оны тонамаққа бекінеді. Елорда полицейлері 28 жастағы күдіктіні ұстады. Ол алтын бұйымдарды ломбардқа тапсырып үлгерген екен. Оның бұған дейін де ұрлық жасағаны үшін сотталып келгені анықталды», - делінген ПД хабарламасында.

Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полицейлер азаматтарға, әсіресе қарт адамдарға пәтерде болған кезде сыртқы есікті құлыптауды ұмытпауды, бейтаныс адамдарды пәтерге кіргізбеуді ескертеді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.