Түркістан облысында жасөспірім қызды зорлаған жүргізушіге сот үкімі шықты

Azattyq Rýhy

Қылмыскер енді 19 жылын қатаң режимдегі колонияда өткізетін болады

Фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық соты кәмелет жасына толмаған қыз баланы зорлаған қылмыскерге 19 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеу туралы үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Оtyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Ауданаралық сот мәліметінше, оқиға 2021 жылдың қараша айында болған. Алайда оқиғаның нүктесі енді ғана қойылып отыр. Мамандандырылған ауданаралық соты азамат Қыпшақбаевқа қатысты үкім шығарды.

Белгілі болғандай, 1986 жылғы күдікті жеке көлігімен Жетісай қаласына келе жатып, жолда тұрған қызды көреді. Ер адам қыздың жанына тоқтап, оны апарып тастауға ұсыныс жасайды, қыз келіседі. Содан соң азамат Қыпшақбаев жолда жүк көлігін тоқтатып, кәмелетке толмаған қызға шабуыл жасап, оны зорлап тастайды.

Осы оқиғадан кейін жәбірленуші үйіне келіп өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Қайғылы оқиғаның алдын алған жақындары дер кезінде полицияға хабарласады. Зорлықшы дереу қамауға алынады.

«Ж.Қ. есімді азаматтың кінәсі қылмыстық іс бойынша жүргізілген өзге де дәлелдемелермен, сот-медициналық сараптамасының қорытындысымен, жәбірленуші мен куәгерлердің айғақтарымен дәлелденді», - деп хабарлады Түркістан облысының ауданаралық мамандандырылған соты.

Қыпшақбаев кінәлі деп танылып, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеу үшін 19 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған кәмелетке толмаған баланы зорлау және өзіне қол жұмсауға итермелеу сияқты бірнеше бап бойынша айып тағылды.  Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.