Павлодарда фармацевт қателігінен 3 жастағы сәби дәріден уланып қалды
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр
Павлодар облысында фармацевтің дәрі-дәрмектерді шатастырып алуы салдарынан 3 жастағы сәби антидепрессанттармен уланып қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, полицияның кезекші пунктіне кішкентай баланың улану фактісі бойынша қоңырау келіп түскен.
Анықталғандай, қала тұрғыны Лермонтов көшесіндегі дәріханалардың бірінде дәрігер жазып берген рецепт бойынша 2019 жылы туған балаға дәрі-дәрмек сатып алған.
«Дәрі қабылдағаннан кейін бала өзін нашар сезініп, құса бастаған. Павлодар қаласының тұрғыны дереу жедел жәрдем шақырып, бала ауруханаға «антидепрессанттармен улану» диагнозымен жатқызылған. Белгілі болғандай, фармацевт қателесіп, қала тұрғынына басқа дәріні сатқан», - деп хабарлады Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабы «Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.