«Бұл қалыпты жағдайға айналмауы керек»: ақын Ауыт Мұқибектен азғындық көрдім деген балдызы істі соңына дейін жеткізетінін айтты
Ол полицияға арыз жазған
Белгілі ақын, қоғам қайраткері Ауыт Мұқибек қырындады деп шағым айтқан балдызы Ақниет Бақтияр бұл істі соңына дейін жеткізуге бекініп отыр. Azattyq Rýhy тілшісіне сұхбат берген жас қыз ата-анасы мен қоғамның реакциясын, оның шағымына үн қатқан өзге де қыздар туралы айтып берді.
– Ақниет, біз бұған дейін Ауыт Мұқибектің өзімен хабарласқан болатынбыз. Ол кісі сіздің айтқаныңыздың бәрін жала деп отыр. Оқиға қалай болды? Полицияға жазған арызыңыздан нәтиже бар ма?
– Арызды астанадағы Сарыарқа аудандық полиция бөліміне жазып қалдырдым. Нәтиже енді болатын шығар.
Мен ол кісіге жала жапқаным жоқ. Күшке салып құшақтағаны, ернімнен сүйгені рас. Қолын жүгіртті. Мұндай нәрсені қалай ойдан шығаруға болады?
– Жездеңіздің сізге деген көзқарасы бұрын қандай еді? Бұл алғаш болып тұрған жағдай ма?
– 2015 жылдан бері маған көзқарасының дұрыс емес екенін байқадым. «Жанымда отыр» деп отырғызып қоятын. Еркелеткенсіп мұрнымнан сүйіп алатын, ойнағансып қол жүгіртетін. Бұл әрекеттерін өзі әкелік қамқорлықтың астарына тығатын.
Бір күні келіп: «жасың 25-те ғой, мейрамханаға барып тамақ ішейік» дегенді айтты. Кейін білгенім, дәл осындай ұсынысын басқа да қыздарға айтыпты. Оны әлеуметтік желіден оқыдым.
– Сонда сіздің ойыңызша, ол кісі тек сізге емес, жалпы қыздарға қырындауға бейім бе?
– Менің ойымша, мұндай адамдар «еркек болғандықтан маған бәрін істеуге болады» деген ұғыммен тәрбиеленген сияқты. Бала кезден біздің, яғни қыздардың санасына құйылатыны да осы түсінік. Ата-анамның да мені қолдамағаны содан шығар.
– Ата-анаңыз сізге сенген жоқ па? Ол кісілердің реакциясы қандай болды?
– Олар маған сенді, бірақ ол адамның бетіне түк айта алмады. Яғни, мені тіпті ата-анам да қорғай алмайтынын түсіндім. 25 наурыз күнгі пойызға кешігіп қалған соң қазір ата-анам астанада, дәл осы кісінің үйінде жатыр... Сейсенбі күні кетеді.
Мен қазір ата-анаммен байланыс ұстап отырғанымм жоқ, дәл сол сияқты маған тиіскен адамның отбасымен де байланыста емеспін. Мен қазір тек өзімнен үлкен әпкем Алтынаймен ғана сөйлесіп жүрмін.
– Ауыт Мұхибек бізге Сіздің жүріс тұрысыңыз ұнамаған соң, әйеліме ескерттім, соған өкпелеп қалған шығар дейді.
– Ондай ештеңе болған жоқ. Әпкем маған бір рет қана «үйде сарафан көйлек киюге болмайды» деді. Мен жарайды деп, сарафанымның ішінен шалбар киіп алдым.
– Жақсы. Сіздің ендігі жоспарыңыз қандай? Адвокат жалдауға ақшаңыз бар ма?
– Адвокатқа беретін ақшам жоқ. Алайда жазбамнан кейін маған хабарласып, тегін көмектескісі келетін адамдар табылып жатыр. Яғни, жазбамды оқыған заңгерлер адвокат ретінде, психологтар моральдық тұрғыда көмек бергіміз келеді деді. Сондықтан, осы істі логикалық соңына дейін жеткізе аламыз деген үміттемін.
Жалпы, негізгі мәселе неде екенін білесіз бе? Жарайды, мені соңына дейін зорлаған да жоқ. Бірақ, негізгі мәселе – мұндай нәрселер қалыпқа айналмауы керек. Ешкім сенің еркіңді байлап, күш көрсетпеуі қажет. Менің жазбамнан кейін қаншама қыз басынан өткен осындай оқиғаларын жазып жатыр. Бірақ, менің істегенім теңізге тамған тамшыдай ғана. Бұл жерде қоғамның түсінігін өзгерту керек.
– Сұхбатыңызға көп рақмет. Елордалық полицияның істі қалай тергеп жатқаны туралы тағы да сұрап, білеміз. Сау болыңыз!
– Сау болыңыз, мен әрқашан ақпарат беруге дайынмын!