Алматыда синтетикалық есірткіні таратушы ұсталды
29 жастағы азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды
Алматыда синтетикалық есірткіні таратушы ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласының 29 жастағы тұрғынынан психотроптық зат салынған 25 оқшауланған бума тәркіленді. Ол қала орталығында ұсталды.
« Полиция қызметкерлері күдікті әрекет жасаған адамға назар аударды. Ол үнемі жан-жағына қарады, тоқтады. Құжаттарды тексеру кезінде күдікті қалтырай бастады. Тыйым салынған препараттар бар ма деген сұраққа, жас жігіт досының пәтерінде “жылдамдық” синтетикалық заты бар бумаларды жасырып қойғанын бірден мойындады. Тексеру барысында ұнтақты, өзіне тән иісі бар 25 оқшауланған бума табылды және тәркіленді. Сот-химиялық сараптамасы жүргізілгеннен кейін бұл заттың психотроптық екені, жалпы салмағы 18,5 грамм болатындығы анықталды. Бұл жиынтық кесте бойынша ірі партия болып есептеледі», – деді Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының басшысы Ерлан Әлмағамбетов.
Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс тіркелді.