Шығыс Қазақстан облысында жаңа туған нәресте өлімі тіркелді
Қазіргі уақытта істің мән-жайы анықталып жатыр
Шығыс Қазақстан облысына қарасты Шемонаиха аудандық ауруханасында босану кезінде жаңа туған нәресте көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Алтайньюске сілтеме жасап.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, нәрестенің өліміне аурухана қызметкерлерінің өз міндетін дұрыс орындамауы себеп болуы мүмкін.
«4 қараша күні Шемонаиха аудандық ауруханасының қызметкерлеріне қатысты абайсызда баланың өліміне әкеп соққан кәсіби міндеттерін тиісінше орындамау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, — деп хабарлады ШҚО ПД.
Аталған іс бойынша сот-медициналық сараптамалар тағайындалған. Қазіргі уақытта істің мән-жайы анықталып жатыр.
Сондай-ақ денсаулық сақтау мекемесіне жоспардан тыс тексеру тағайындалды.
Айта кетсек, қазан айында Ана мен бала орталығында босанған әйел мен сәби көз жұмған болатын.