$ 504.34  556.34  5.97
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.09.2021, 19:25
Оқиғалар

Аяғын жұлып түсірген: Алматы облысындағы Үмбетәлі ауылында жылқыларға тағы оқ атты

Осыдан бірнеше күн бұрын дәл осы ауылда экс-полицей бір үйір жылқыны атып, тұрғындарды шулатқан еді

Аяғын жұлып түсірген: Алматы облысындағы Үмбетәлі ауылында жылқыларға тағы оқ атты

Алматы облысындағы Үмбетәлі ауылында жылқыларды өлтіру тоқтар емес. Бүгін түнде қаскөйлер тағы бір жылқының қос аяғын сындырып, мертіктірген. Осыдан бірер күн бұрын ғана екі ер адамның үйірлі жылқыға оқ жаудырып, екі айғырды өлтіргенін бұған дейін жазған болатынбыз. Олардың бірі бұрын полицияда жұмыс істеген. Ауыл тұрғындары бүгінгі оқиғаға да осы екеуінің байланысы бар дегенді айтып отыр.

«Алдыңғы күні көрші шаруашылықтағы жігіттің үйірі мен менің жиырма жылқымды оқтың астына алды. Кім атқанын білеміз. Жаңбырша жауған оқтан екі айғыр өліп қалды. Мылтықтың дыбысы бүгін түнде де шыққан соң малды тастап қаштым. Таңға жуық оқ тиіп, қос аяғы сынған тағы бір жылқымды тауып алдым. Полиция бұл екі жігітті неге тоқтатпайды? Органдағылармен танысы барлар ойына келгенін осылай істей бере ме», - деді Үмбетәлі ауылының тұрғыны Шәкір Шариев.

Жайылымдағы жылқыларды атып өлтірген адамның біреуі расымен де экс-полицей болып шықты. Түн болса мылтық ататын екеудің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Ал, тәркіленген мылтық тіркелмеген болып шықты.

«19.09.2021 жылы Жамбыл ауданы, Үмбетәлі ауылының жанындағы жайылымда атылған екі өлі жылқыны анықтау дерегі бойынша ҚР ҚК 316-бабының 1-бөлігі (жануарларға қатыгездік көрсету) негізінде сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлайды. Жылқы денесіне сот-баллистикалық сараптама тағайындалды, бытыралар тәркіленді.

Полиция бөліміне екі күдікті жеткізілді, олардың бірі ІІО зейнеткері болып шықты, олардың осы қылмысқа қатыстылығы тексерілуде. Қолда бар мәліметтерге сәйкес күдіктілерге атыс қаруы тіркелмеген.

Учаскелік полиция инспекторының іс-әрекеттеріне тағайындалған қызметтік тергеу нәтижелері бойынша баға берілетін болады», - деді Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.

Ал, онсызда жем-шөптен таршылық көріп жатқан шаруалар қыс түспей жылқыларды қораға қамай алмаймыз деп отыр. Тұрғындар түнде ғана жайылымға шығатын малды күзетуден де қорқады.

Серіктес жаңалықтары