Ақмолалық полицейлер шөп өртіне байланысты қылмыстық іс қозғады
Бүгін таңертең Жақсы ауданында жүздеген тонна шөп өртенген болатын
Ақмола облысының Жақсы ауданындағы 200 тонна шөптің өртенуіне байланысты полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақмола облысының ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жауапкершілігі шектеулі серіктестік басшылығы өртенген шөп шығынын 5 миллион теңгеге бағалап отыр.
Естеріңізге сала кетсек, Жақсы ауданынының Ишимское селосындағы «Имран Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бүгін таңертең сағат 7-лер шамасында жүздеген тонна шөп өртенді.
«Оқиға орнына дереу жеткен тәртіп сақшылары өртеніп жатқан шөптің «Имран Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі екенін анықтады. Шығын көлемі 5 миллион теңгеден астам сомаға бағаланып отыр.
Полиция қызметкерлері оқиға орнына тексеріс жұмыстарын жүргізуде. Оқиға орнынан бірқатар заттай айғақтар табылып жатыр. Алдын ала болжамдар бойынша «Имран-Агро» жауапкершілігіне шектеулі серіктестігіне тиесілі шөпке қасақана өрт қойылуы мүмкін. Қазір барлық фактілер қарастырылып, куәгерлерден және шөп иесінен жауап алынуда. Аталған іс бойынша қылмыстық кодекс талаптарына сәйкес барлық сотқа дейінгі тергеу амалдары жүзеге асырылатын болады», - дейді Ақмола облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
Қазір аталған факт бойынша полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 202-бабы 2-бөлігінің 5-тармақшасына сәйкес «Біреудің мүлкін қасақана жою және залал келтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Тәртіп сақшылары аталған қылмысты жасаған адамдарды анықтау және ұстау мақсатында жедел-іздестіру шараларын жүргізуде.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы