Петропавлда мас жүргізуші тізгіндеген көлік жанып кетті
Тәртіп бұзушы заң бойынша жазаланады
Петропавлда мас күйінде жеңіл көлікті тізгіндеген жүргізуші алдымен бағдаршамға соғылған. Соның салдарынан өрт шығып, машина жанып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мүсірепов және Уәлиханов көшелерінің қиылысында «Аudi С4» автокөлігінің 30 жастағы жүргізушісі арақашықтықты сақтамай бір бағытта кетіп бара жатқан «Daewoo» автокөлігімен соқтығысқан. Оның салдарынан «Аudi С4» көлігінің жүргізушісі тізгінге ие бола алмай бағдаршамға барып соғылған. Көлікті неге тежемегені белгісіз. Кейін оқиға орнынан қашып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан көлік қозғалтқышынан от шыққан. Көліп әп-сәтте қызыл жалынға оранған. Шақырту бойынша жылдам жеткен өрт сөндірушілер қызыл жалынды тез арада сөндірді. Жартылай жанып кеткен көлік айып тұрағына қойылды.
Полицейлер келгеннен кейін жол-көлік оқиғасын жасаған жігіт жақын маңдағы үйлердің бірінің ауласынан ұсталды. Алынған сараптамаға сәйкес «Аudi С4» көлігінің жүргізушісінің орташа алкогольдік масаң күйде болғаны дәлелденді. Ол өзінің не үшін жасырынғанын түсіндіре алмады.
Дене жарақаттарын алғандықтан, алғашқы медициналық көмек көрсету үшін полиция қызметкерлері оны жақын маңдағы медициналық мекемеге жеткізген. Алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіліп, амбулаторлық ем тағайындалды.
Екінші жүргізуші жол-көлік оқиғасында зардап шеккен жоқ.
«Жол-көлік оқиғасын жасау фактісі бойынша әкімшілік материал жиналып, процессуалдық шешім қабылдау үшін Петрпавл қалалық Полиция басқармасы әкімшілік полиция бөліміне жіберілді. Тәртіп бұзушы заң бойынша жазаланады», - деді Петропавл қалалық Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі полиция подполковнигі Қанат Әлімжанов.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО