Браконьерлер СҚО табиғатына 13 миллион теңгеден астам залал келтірді
Экологиялық қылмыс бойынша 5 іс сотқа жолданған
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 658 фактісін анықтаған. Қоршаған ортаға келтірілген шығын сомасы 13 миллион теңгеден асады. Бес қылмыстық іс сотқа жіберілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жануарлар дүниесінде - 378, балық аулау саласында – 226, өсімдіктер әлемінде 9 факт тіркелген. Экологиялық қылмыс бойынша 5 іс сотқа жолданса, 8-і өндірісте жіберілді. Браконьерлерден 21 сібір елігінің, 2 маралдың тұтас еті және 3 сұңқылдақ аққудың еті алынды. Сондай-ақ, қарда жүретін 3 техника мен 8 мылтық тәркіленген.
СҚО аумағында 2397 көл бар, оның 332-сі жалға алынған, бұл көлдерден рұқсат құжаты болған жағдайда ғана балық аулауға болады. СҚО ПД ЖПҚ басқармасының табиғатты қорғау тобының аға инспекторы, полиция капитаны Асхат Қожабаевтың айтуынша, балықшылардың көбі бұл ережелерді сақтамайды.
«Аңшылар, қаруды тасымалдау ережелерін ескермейді – аң аулау орындарына қаруын сыртқы қабынсыз, жиналған күйде тасымалдайды. Орманда демалуды тәуір көретіндерге жаңа маусымда аң аулау тәртібімен танысу қажет екенін ескертеміз. Аң аулау тәртібі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі облыстық инспекциясы басшысының бұйрығында көрсетілген», - деді ол.
Солтүстік Қазақстан облысының табиғатты қорғау полициясы аң аулау шаруашылығы қызметкерлерімен және басқа да мүдделі ведомстволармен бірлесе табиғатты қорғау заңнамасын сақтау бойынша рейд жүргізуде. Негізгі міндеттері – экологиялық қылмыстарды ашу және алдын алу, аң аулау және балық аулау ережелерінің бұзылуын анықтау.
«Бұйрыққа сәйкес, облыста ҚР Қызыл кітабына енгізілмеген аңдар мен құстарды аулауға рұқсат етілген. Түрлі жануарларды аулау ережелері мен мерзімдері туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының Facebook-тегі аккаунтынан толығырақ таныса аласыздар», - дейді Қожабаев.
Сондай-ақ, полицейлер аң аулау шаруашылығы аумағында аң аулауға рұқсатнама болған жағдайда ғана шығуға болатынын ескертеді. Облыста олардың саны – 37. Алты қорықта және «Көкшетау» ұлттық паркі аумағында аң аулауға тыйым салынады.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО