Пәтерде не болғаны белгісіз: Шымкентте екі бала жұмбақ жағдайда көз жұмды
Қайғылы оқиғаның себебі анықталып жатыр
Шымкентте қайғылы оқиға болды. «Восток» шағынауданындағы бес қабатты үйдің бір пәтерінен екі баланың мәйіті табылды. Қаза тапқандардың бірі – 4 жастағы ұл, екіншісі – 15 жастағы қыз. Тағы үш адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға туралы 19 қазанда белгілі болды. Балалардың өліміне қатысты мән-жайды құзырлы органдар анықтап жатыр.
Куәгерлердің айтуынша, пәтерді балалары қайғылы оқиғаның құрбаны болған екі құрбы жалдап тұрған.
Алғашында газдың таралуы мүмкін деген болжам қарастырылған. Алайда оқиға орнына келген апаттық қызмет мамандары пәтерден иіс газын анықтамаған.
«Апаттық бригада қызметкерлері қажетті өлшеу жұмыстарын жүргізді. Иіс газының концентрациясы анықталған жоқ. Сараптамалар жүргізіліп, тергеу аяқталғаннан кейін ғана қорытынды жасауға болады», – деді «QazaqGaz Aimaq» АҚ филиалының басшысы Нұрбек Рахманов.
Қайғылы оқиғаның нақты себебі әзірге белгісіз.
Еске салайық, биыл ақпанда да Шымкенттегі «Восток» шағынауданындағы пәтерден бір отбасының үш мүшесінің мәйіті табылған еді. Ол кезде марқұмдар табиғи газдан уланған болуы мүмкін деген болжам айтылған.