Арыста мас күйде жүкті келіншек пен екі баланы қағып өлтірген мұғалім әйел тоғыз жылға сотталды
Қаза болған әйелдің жақындары бұл үкімге қарсы шығып, аппеляцияға дайындалып жатыр
Түркістан облысы Арыс қаласын дүр сілкіндірген жол апатына қатысты сот аяқталды: биыл алтыншы маусым күні өз үйінің алдында отырған жүкті әйел мен оның баласын, сондай-ақ көрші үйдің бір баласын қағып өлтірген мұғалім әйел тоғыз жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Түркістан облысы сотының баспасөз қызметі.
Атап өткеніміздей, қайғылы оқиға биыл 6 маусым күні Түркістан облысының Арыс қаласында болған. Мас күйде рульге отырған 52 жастағы мұғалім жер үйдің ауласын бұзып-жарып кеткен. Сол сәтте екі келіншек есік алдында балаларын ойнатып отырған. Соққының қатты болғаны соншалық, бетон қабырға қақ айырылып, жүкті әйел мен оның кішкентай баласы және көрші үйдің бес жасар қызы тіл тартпай кеткен. Қаза болған кішкентай қыздың анасы жарыссөзде жүргізушіге ең ауыр жаза сұраған еді.
«Сот жүргізушіні Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Ол 9 жылға сотталды. Сонымен қатар әйел өмір бойына көлік басқару құқығынан айырылды,- деді мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соттың судьясы Марат Күздеубаев.
Кейбір БАҚ хабарлағандай, кінәлі мұғалімнің кәмелет жасына толмаған, мүмкіндігі шектеулі қызы бар. Сондықтан, мұғалім жазасын бір жылдан кейін ғана өтей бастайды.