Алматыда жындыханадан қашқан екі адам туралы тың дерек пайда болды

Олар бір ғимараттан, бірақ әртүрлі күндері шығып кеткен 

Алматыда жындыханадан қашқан екі адам туралы тың дерек пайда болды
Фото: Lider.kz

Алматыда жындыханадан қашып кеткен ер мен әйел туралы полиция түсініктеме берді. Олар әр түрлі күндері жоғалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Олар медициналық мекемеден әр күндері өз бетінше шығып кеткен және олардың бір-біріне қатысы жоқ. Екі жағдай бойынша да Бостандық аудандық полиция басқармасы іздестіру жұмыстарын бастаған.  Қазір азаматтардың орналасқан жерін анықтап, оларды медициналық мекемеге қайтару үшін жедел және іздестіру шаралары жүріп жатыр», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, психикалық дертке шалдыққан 37 жастағы Нелли Шахрай мен 35 жастағы Денис Антипин бірнеше айдан бері табылмай жатыр.

Нелли Шахрай 2026 жылғы 16 сәуірде Алматыдағы Психикалық денсаулық орталығынан шығып кеткен. Бойы – 167 см, дене бітімі орташа, шашы ұзын қара-қоңыр, көзі қоңыр. Соңғы рет қою көк түсті кофта, күлгін шалбар және көк түсті аяқ киім киген.

Денис Антипин 2026 жылғы 13 мамырда сол медициналық орталықтан шығып кеткен. Бойы – 180 см, дене бітімі орташа, шашы қысқа қара-қоңыр, көзі қоңыр. Соңғы рет қара кеудеше, ақ футболка, қара шалбар және қара сланцы киген.