Астанада әйелдер балалар алаңында төбелесті: қылмыстық іс қозғалды
Жанжал балалардың әткеншекке міну кезегіне байланысты туындаған
Астана полициясы балалар алаңында төбелескен екі әйелге қатысты қылмыстық іс қозғады. Құқық қорғау органдарының анықтауынша, жанжал екі ананың балаларының әткеншекке міну кезегіне байланысты туындаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy,
Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, балалар алаңындағы жанжал мен ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға қатысқандардың барлығы полицияға жеткізілді.
«Жанжалға балалардың әткеншекке міну кезегіне қатысты қарапайым дау себеп болған. Алайда ата-аналар мәселені сабырмен шешудің орнына агрессияға бой алдырып, балалардың көзінше бір-біріне дене жарақатын салған. Мұндай әрекетті ақтауға болмайды. Ересектер өз іс-әрекеті үшін жауапты екенін, әсіресе жанында балалар болған кезде, түсінуге міндетті», – деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметі.
Тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаға қатысы бар адамдардың барлығының әрекетіне құқықтық баға беріледі. Мұндай әрекет үшін 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.
«Полиция ескертеді: тұрмыстық жанжал кезінде күш қолдануға жол берілмейді. Төбелеске ұласқан кез келген агрессияға қатаң құқықтық баға беріледі», – деп толықтырды ведомство.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Астанадағы балалар алаңында екі әйелдің төбелескен видеосы тараған еді. Төбелес кезінде әйелдердің бірі екіншісінің қолындағы баланы абайсызда ұрып кеткен. Бала оның қолынан түсіп кеткенімен, жанында тұрған әйел қағып үлгерген. Осы кезде төбелеске қатысқан екінші әйел оның шашынан ұстап, аяғымен ұруын жалғастырған.
Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі әйелдердің полицияға жеткізілгенін айтты.