Маңғыстау облысындағы кәсіпорын көше тазалығына жауапты 165 жұмысшыға жалақы төлемеген
Араға прокуратура араласып, мәселе оң шешімін тапты
Маңғыстау облысы Қарақия ауданының прокуратурасы жалақы ала алмай жүрген 165 қарапайым қызметкердің құқығын қорғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Прокуратураның мәліметіне сүйенсек, еңбек кодексінің 113-бабына сәйкес жалақы айына кемінде бір рет, келесі айдың бірінші онкүндігінен кешікпей төленуі тиіс.
«Талдау барысында «Тұрмыс-Сервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының 165 жұмыскерге жалақыны уақтылы төлемегені анықталды. Прокуратура олардың құқықтарын қорғап, жалпы сомасы 29 млн теңге көлеміндегі жалақы берешегі толық өтелді», - деп хабарлайды прокуратура.
Жұмысшыларына жалақыны уақытылы төлемеген кәсіпорын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 87-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеген.