СҚО-да анасы мен қызының арасындағы кикілжің қайғылы жағдайға ұласты

Тергеу дерегінше, анасы мен қызы арасындағы жанжал кезінде әйел анасына пышақ жарақатын салған. Зардап шегуші көз жұмды

СҚО-да анасы мен қызының арасындағы кикілжің қайғылы жағдайға ұласты
Фото: istockphoto

Петропавлда денесі Заречный кентіндегі автобус аялдамасының маңынан табылған 57 жастағы әйелдің өліміне қатысты резонанс тудырған іс бойынша сот үкімі шықты. Сот марқұмның 34 жастағы қызын кінәлі деп таныды,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy Qazaqstan Media-ға сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 2025 жылдың 17 қазанында болған. Іс материалдарына сәйкес, оған дейін әйел уақытша қызының үйінде тұрған. Анасы мен қызының арасында ақшаға байланысты жанжал туындап, соңы асүй пышағымен кеуде тұсына салынған соққымен аяқталған.

Ауыр жарақат алғанына қарамастан, әйел пәтерден шығып, Заречныйдағы таныстарына қарай бет алған. Алайда жолда өзін жайсыз сезініп, автобус аялдамасының жанында есінен танып қалған. Әйел сол жерде көз жұмған.

Сот процесі жарты жылға жуық уақытқа созылды. Осы уақыт бойы айыпталушы тергеу изоляторында болған.

«Айыпталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен және сараптама қорытындыларымен дәлелденді. Әйел өз кінәсін ішінара мойындады», – деп мәлімдеді Солтүстік Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі.

Үкім шығару кезінде сот әйелдің жасаған ісіне өкініш білдіргенін және оның 13 жастағы ұл тәрбиелеп отырғанын ескерді. Іс бойынша жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Нәтижесінде сот айыпталушыны орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеумен тоғыз жылға бас бостандығынан айырды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.