«Dogpiling»: кәсіби продюсерлер Мөлдір Әуелбековаға шоу-бизнес өкілдері буллинг көрсетіп жатқанын мәлімдеді

«Dogpiling» - ғылыми тілмен түсіндіргенде, біреуге жабылу, үймелеу деген мағынаны білдіреді 

«Dogpiling»: кәсіби продюсерлер Мөлдір Әуелбековаға шоу-бизнес өкілдері буллинг көрсетіп жатқанын мәлімдеді
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Танымал продюсер Баян Алагөзова мен КешYOU қыздар тобының бұрынғы солисі Мөлдір Әуелбекованың жеке өміріне қатысты дауды қазақстандықтар жапа-тармағай талқылап жатыр. Күні кеше Алматыда дүркіреп өткен топтың 20 жылдық концертінде Баян Алагөзованың жанына жақын жүрген бет бояушы жігіт кешке қатыспаған әншіні мазақ етіп, өрескел қылық шығарды. Ол Баян Алагөзованың сұхбатынан кейін интернетте тараған «мазақ-мем» сөздерді футболкасының алдына бақандай етіп басып, киіп келген. Онысын продюсерге құрметі ретінде кигенін ескертіп, камераға түсіріп көрсетуді де ұмытпады. Қызық болғанда, сол жерде тек Алагөзова емес, оның қызы, медиада жиі көрінетін Айсәуле Бақытбек, жұлдыздардың киімін тігетін дизайнер Аида Кауменова да сыйлыққа қатты қуанғаннан күлкісін тыйа алмаған. Олардың легін кейін желіде мыңдаған аудиториясы бар блогерлер жалғастырды. Осылайша, жай ғана екі адамның жеке қарым-қатынасы бүкіл бір халықтың талқысына шықты. Ел-жұрт екіге бөлініп, бір-бірін коментарийде жұлып жеп жатыр. Ең қорқыныштысы, «Баян-Мөлдір» хикаясы этика шегінен, адамгершілік шегінен асып кетті. Қоғамдық буллингке айналды. Бұл туралы медисарапшылар пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Режиссер, медиа саласында көп жыл істеген Жанна Сабирова мұны біреудің «жан-жарасын шұқылап қанатып, содан ләззат алу» деп бағалады.

«Тоқта. Енді үндемей қалу жарамас. Қоғамның жаппай мазақ ету мен табалауды «мораль» деп қабылдауы-үлкен қауіп. Ересек адамдардың біреудің 20 жыл бұрынғы жеке өмірін қазбалап, талқылаудан басқа жұмысы қалмаған ба? Тобырдың мына «моральдық энтузиазмы» қатты таңғалдырады. Кеше ғана бір-бірін жанашыр болуға шақырып, қатігездік пен өктемдікті сынаған, жеке шекараны сақтау туралы ақыл айтқан адамдар, бүгін бірігіп алып, камера алдында біреудің жеке өмірін жер-жебіріне жеткізе талқылап, быт-шытын шығарып қорлап жатыр. Мұның нағыз «абьюзерліктен» несі кем? «Менімен бір жақ болмасаң – саған күйе жағамын, менімен келіспесең – масқараңды шығарам, маған бағынбасаң – бүкіл елдің алдында күлкі етем». Мұнда тек форма өзгереді, бірақ мәні сол күйі қалады. Өйткені өз билігіңді сезінудің ең қауіпсіз түрі - қоғам «кінәлі» деп тапқан адамды келемеждей түсу. Тіпті оның күнәсына куә болмаса да, нағыз ақиқатты білмесе де, өзінің әрекетінің харассмент екенін іштей сезсе де, солай істейді.  Қоғам жаппай қорлауды әділдікпен тез шатастырады. Кеше ғана төбесіне көтеріп, құрметтеген адамын бүгін жабылып жүріп табалап отыр. Біреудің жан жарасын «хайпқа» айналдыра салады», - деді ол өзінің жазбасында.

Жанна Сабирова ең сорақысы мұны елдің «әділдік» деп атауында дейді.

«Жоқ, бұл әділдік емес! Тобыр бірігіп алып, бір адамды қорлап, содан ләззат алса - бұл «буллинг» деп аталады. Қызығы, өзгеге ақыл айтып, тәрбие бергіштердің өздеріне соңғы 5 жылдағы өз әрекеттерін жұртқа көрсет десе, батылдары бармас еді. Бірақ біреудің 20 жыл бұрынғы қателігін талқылауға келгенде алдына жан салмайды. Мұның бәрі бір аптадан кейін ұмытылар, бірақ адамды жаппай мазақтап, таптау мен қорлауды қоғам қалыпты жағдай деп қабылдап қалады. Бұл - кез келген өсектен қауіпті құбылыс. Қоғамдық сананың ең төменгі деңгейге құлдырауы -біреудің қасіретінен контент жасап, ойынға айналдыру», - деді ол.

Тәжірибелі продюсер Арман Қарабаев та әріптесінің сөзін қолдаған. Оның айтуынша, мәселе тобырдың пікірінде емес, сол тобырды әдейі айтақтап, отқа май құйып отырғандарда болып отыр. Соның ішінде Мөлдір Әуелбекованы жаппай буллингке ұшыратуға себеп болған - Баян Алагөзованың «КешYOU» тобы туралы деректі фильмі.

«Продюсер ретінде мен күнделікті медиаконтентпен жұмыс істеймін және қаралым мен аудиторияны тартудың қалай жасалатынын іштей жақсы білемін. Бірақ дәл қазір Мөлдір Әуелбекованың айналасында болып жатқан жағдай кәсіби және адами этиканың барлық шекарасынан шығып кетті. Мәселенің төркініне үңіліп көрейік. Осы хейт толқынын тудырған алғашқы серпін  Баян Алагөзованың «КешYOU» тобы туралы жақында шыққан деректі фильмі болды. Аңызға айналған герлз-бэндтің тарихын мақсат еткен бұл жоба, іс жүзінде ескі жараның аузын тырнап, қоғамдық агрессияны оятуға үлкен қозғаушы күш болды. Индустрия тарихы туралы сындарлы әңгіме өрбітудің орнына, желіге жарылыстың детонаторын қойып кеп жіберді. Басты құрбандық – Мөлдір. Бірақ мені одан да қатты шошытқаны «медиасарапшысымыз» деп жүргендердің реакциясы болды. Жақында бір блогердің осы тақырыптағы видео-талдауын көріп қалдым. Сыртынан қарасаң, ақылды сөздер, объективті болуға тырысқан кейіп, сапалы монтаж. Алайда, осы жылтыр мұқабасын ысырып тастап, кәсіби көзбен қарасаңыз, таза манипуляция мен жасырын буллингті көресіз», - деді ол.

Продюсер мұны индустрияда паразит болып күн көру деп атайтынын айтты. Мұның схемасы өте жиіркенішті әрі қарапайым.

«Мысалы, үлкен премьерадан кейін онсыз да соққы астында қалып, жұрт жабылып жатқан ең өзекті, жанға бататын тақырып таңдап алынады. Бұл дүние сырт көзге «тәуелсіз зерттеу» немесе «әділ талдау» сияқты көрсетіледі. Іс жүзінде, сол қаралым мен пікір жинау үшін, артисті жүйелі түрде қаралап, хейтті лаулатып отырады.  Бұл - сараптама емес. Бұл - қаралым үшін біреуді табалау. Блогер «төрешінің» кейпіне енгенімен, шын мәнінде, желілік терроризммен айналысып отыр, тек түрін сәл ақылдырақ етіп көрсеткісі келеді. Ол деректі фильм авторларының істегенін қайталап, тірі адамның тағдырына келетін зиянды ойламастан, оны жабылып қорлау мен табалауды одан сайын күшейтіп отыр. Продюсерлік шешімдер, деректі фильмдердің драматургиясы мен шоу-бизнес заңдылықтары - өз алдына бір бөлек дүние. Ал еліміздің мәдениетіне қаншама жылын арнаған артисті минуттық хайп үшін желіде мақсатты түрде езгілеу -мүлдем басқа нәрсе. Қудалау мен табалауға ешқандай ақтау жоқ, оны қанша жерден әспеттеп, фильм шығарсаңыз да, блог түсірсеңіз де. Біреудің жан жарасынан,  өзгелердің жанжалынан қаралым жасап, продюсерлік ету - кәсіби тұрғыдан түпсіз тұңғиыққа құлдырау», - деп жазбасын түйіндеді Арман Қарабаев.

Баян Алагөзованың фильмінен кейін әлі де тоқтаусыз жалғасып келе жатқан бір адамға деген қоғамдық буллингтің ғылыми тұрғыда түсіндірмесі бар. Ол ағылшын тілінді «Dogpiling» деп аталады, яғни жабыла кету, үймелей кету. Термин спорттан келген. Америкалық футболда бір ойыншы доппен құлағанда, қарсыластары оның үстіне жабыла секіреді. Ойыншы адамдар тобының астында қалады. Дәл сол сияқты виртуалды тобыр бір ғана адамға қарсы бірігіп, оны жаппай сынап, балағаттап немесе моральдық тұрғыдан басып-жаншып тастайды. Dogpiling-ке қатысушылар көбіне өздерін «әділдікті орнатушы», «моральдық құндылықтарды қорғаушы» ретінде көреді. Олар құрбанды жазалау арқылы қоғамға пайда келтіріп жатырмыз деп ойлайды. Мөлдір Әуелбекованың айналасында болып жатқан қазіргі жағдай осы Dogpiling-тің нақ өзі. Өкініштісі, табалаушыларға шоқ тастап, бұрын өткен оқиғаларды «сараптап жатырмыз» деп, отқа май құйып, жаңа контент жасап отырған блогерлер мен медиа өкілдері осы жаппай қудалаудың басты ұйымдастырушыларына айналып отыр.