Құлсарыда үйіне кіре алмаған балалар газға уланып жатқан аналарын бір ажалдан аман алып қалды (ВИДЕО)

Есік ашылмаған соң олар бірден полицияға қоңырау шалған

Құлсарыда үйіне кіре алмаған балалар газға уланып жатқан аналарын бір ажалдан аман алып қалды (ВИДЕО)
Фото: скриншот

Атырау облысы Құлсары қаласында үйіне кіре алмаған балалар полиция шақырып, аналарын ажалдан аман алып қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға кеше, 22 сәуір күні болған екен. Есік алдына ойнауға шыққан балалар үйге кірерде қиындыққа тап болған: пәтерде қалған аналары есікті ашпаған. Зәресі ұшқан балалар бірден полицияға қоңырау шалған.

«Оқиға орнына жедел жеткен патрульдік полиция қызметкерлеріне көршілер пәтерден газдың иісі шығып жатқанын айтқан. Қауіптің жоғары екенін түсінген тәртіп сақшылары дереу әрекет етіп, пәтер есігін бұзып ішке кірген. Пәтерден ес-түссіз жатқан әйел табылып, полицейлер жедел-жәрдемді күтпестен оны қызметтік автокөлікпен ауруханаға жеткізген», - деп хабарлайды полиция.

Анықталғандай, үйдің ас бөлмесіндегі газ плитасының бұрамалары ашық қалып, үйге улы газ тараған екен. Балалардың анасы сыртқа шыға алмай, газға уланып қалған.