«Мұхтар аға қырғыз елінің де арқа сүйер асқар тауы еді»: президент Садыр Жапаров қазақ халқына көңіл айтты
Президент қырғыз жұртының жүрегі қан жылап отырғанын жеткізді
Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа әйгілі қазақ ақыны, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шахановтың дүниеден өтуіне байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі.
«Қазақтың ұлы перзенті, халық ақыны, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Қырғызстандағы тұңғыш елшісі, Шыңғыс Айтматовтың және бүкіл қырғыз халқының досы Мұхтар Шаханов өмірден өтті деген суық хабарды аса қайғыра қабыл алдым. Мұхтар аға бауырлас қазақ халқының ғана емес, қырғыз елінің де арқа сүйер асқар тауы еді. Демек, қырғыз жұрты да тағы бір асқар тауынан, рухани тірегінен айырылып, жүрегі қан жылап отыр. Мұндай тұлғалардың өмірден өтуін халқымыз «бір дәуірдің аяқталуы» деп бағалайды. Шынында да Мұхтар ағаның дүниеден өтуімен бүкіл түркі әлемінен бір дәуір кетті», - деді ол.
Қырғыз президенті қазақ ақынының қайсар мінезін еске алды.
«Қазақ халқының әділдік үшін басын бәйгеге тігетін қайсар мінезін бойына сіңірген Мұхтар аға кеңестік кезеңде де, кейін де Отан тағдыры үшін шындықты тайсалмай айтқан тұлға еді. Қудалауға ұшыраса да мойымаған, «Желтоқсан» оқиғасына қатысты пікірін ашық білдіргені есімізде. Қазақ пен қырғызға бірдей жанашыр болған оның ақындық әрі азаматтық үні тау мен даланың жаңғырығындай естілетін. Әсіресе, ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовпен достығы екі халықтың бауырластығын нығайтуға зор үлес қосты. Қадірлі қазақ бауырлар, бүгін осындай талантты, елін сүйген ұлын жоғалтқан қазақ ағайындарға және ақынның жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Бекем болыңыздар, қайғыға берілмеңіздер!», - делінген Президенті Садыр Жапаровтың жеделхатында.