Үкімет Қазақстандағы ұсақ малдың санын 30 миллионға таятпақ
Ірі қараның санын да көбейту көзделген
Үкімет Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкіметтің мәліметіне сүйенсек, осы кешенді жоспардың арқасында ірі қара мал санын 7,9 млн-нан 12 млн басқа және ұсақ мал санын 20,2 млн-нан 28 млн басқа дейін көбейту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, ет өндірісінің 1,2 млн-нан 1,8 млн тоннаға дейін өсуі және оның экспортының 82 мыңнан 165 мың тоннаға дейін екі есе ұлғаюы күтілуде.
- Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізу үшін бірқатар бағыт бойынша саланы қаржылық қолдау шараларының кешені ұсынылатынын баяндады.
- Ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрлерінің асыл тұқымды мал басын сатып алуға жылдық 6% жеңілдікпен несие беру бағдарламасын іске қосу жоспарлануда. Қаржыландыруға жылдық қажеттілік 300 млрд теңгені құрайды. Бұл шараны жүзеге асыру табынның жаңаруын жеделдетуге және мал шаруашылығының генетикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
- Шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту және жайылымдық инфрақұрылымды қалыптастыру үшін биыл қаржыландыру көлемі 50 млрд теңге болатын жылдық мөлшерлемесі 6%-бен бірыңғай жеңілдікті несие беру көзделген.
- Қосымша 50 млрд теңге көлемінде мал азығын дайындау техникасы мен жабдықтарын сатып алуға жылдық мөлшерлемесі 5%-бен жеңілдікпен қаржыландыру қарастырылып отыр.
Сондай-ақ мал шаруашылығының бағыттары бойынша айналым қаражатын толықтыру үшін жалпы сомасы 225 млрд теңгені құрайтын, жылдық мөлшерлемесі 5%-бен жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасын іске қосу жоспарлануда. Қаржыландыруды қолжетімді ете түсу үшін «Даму» қоры арқылы қарыздарға кепілдік беру тетігін қолдану көзделген.