Аустралияда қазақстандық ерлі-зайыпты сотталып жатыр
Олар казиноны алдап кеткісі келген
Қазақстандық ерлі-зайыпты Аустралияның Crown казиносында ұсталды. Олар 1,18 миллион долларды алаяқтық жолмен ұтып алғысы келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
The guardian басылымының жазуынша, 36 жастағы Дильноза Исраилова мен оның 44 жастағы күйеуі Алишериходжа Исраилов Барангару ауданында ұсталып, «алдап ақша табу» фактісі бойынша күдікке ілінді.
Тергеушілердің айтуынша, ерлі-зайыпты ойын үстелін жасырын камерамен суретке түсіріп, көрінбейтін құлаққап арқылы бір-біріне нұсқау беріп отырған. Жасырын камера әйелдің жейдесіндегі «Микки маус» кестесінің астына бекітілген.
Сиднейге қазан айында келген жұп казиноның мүшелігіне өтініш беріп, онда бірнеше рет барып, жалпы 1,18 миллион доллар ұтқан. Полиция олардан қосымша құмар ойын жабдықтарын, қымбат зергерлік бұйымдар мен 2000 еуроны тәркіледі.
Дильноза Исраилова ақпанда қайта сотқа шақырылады, ал күйеуі Алишериходжа Исраилов желтоқсанның 11-і сотқа келуі тиіс. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы бөлімнің командирінің сөзінше, полиция мен казино бірігіп, заңсыз әрекеттерді анықтау үшін тергеу жүргізеді.