Қазақстанда 4 жаңа су қоймасының құрылысы басталады
2028 жылға дейін 42 су қоймасын салу жоспарланып отыр

Биыл еліміздің үш өңірінде төрт жаңа су қоймасының құрылысы басталады. Бұл туралы су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Су шаруашылығын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында 42 су қоймасын салу, 37 гидротехникалық құрылыс және 14 мың км суару каналын қайта жаңарту көзделген.
«Бірінші кезең аясында 2025 жылы еліміздің үш өңірінде 4 жаңа су қоймасының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Оның ішінде Ақмола, Қалғұтты, Қараузяк жаңадан енгізілетін 22,5 мың гектар суару алаңында вегетациялық кезеңде су тапшылығын жабады. Батыс Қазақстан облысында Үлкен Өзен (28 млн текше метр) су қоймасының құрылысы су тасқыны мен еріген суды ұстап тұруға және 5 мыңға жуық тұрғыны бар Қазталов ауданының 2 елді мекенін су басу қаупін болдырмауға бағытталған. Сондай-ақ, бірінші кезең аясында Жамбыл облысындағы Терс-Ащыбұлақ, Қарақоңыз және Түркістан облысындағы Көксарай контррегуляторы мен Қосқорған су қоймасын қайта жаңғырту жоспарланған», - деді Нұржігітов Үкімет отырысында.
Ирригациялық арналарды реконструкциялау аясында 6 облыста (Алматы, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан) цифрландыру элементтері бар ұзындығы 3452 шақырым болатын 115 каналды жаңғырту, сондай-ақ Астана су қоймасын қосымша толықтыру үшін құрылыс салу жоспарланып отыр.
Екінші кезеңде 25 жоба іске асырылады. Оның ішінде 11 жаңа жоба, 13 жұмыс істеп тұрған су қоймасын қайта жаңарту және 10 облыс аумағында (Алматы, Абай, ШҚО, БҚО, Қызылорда, Атырау, Жетісу, Павлодар, Түркістан, Жамбыл) 5 мың шақырым каналды жаңғырту жұмыстары көзделген.
«Жыл соңына дейін топтық су құбырының 12 жобасын аяқтау жоспарлануда, бұл 423 мың халқы бар 153 ауылды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте 52 елді мекен орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылады. Сондай-ақ, Ынтымақ (Жамбыл облысы), Киров (БҚО), Қапшағай (Түркістан облысы) су қоймаларын қайта жаңарту және Түркістан облысындағы «Бәйдібек Ата» су қоймасының құрылысы жалғасады. Осылайша, вегетациялық кезеңде ол қосымша 68 млн текше метр суды қамтамасыз етеді, бұл Түркістан облысының 6 ауданының сумен қамтамасыз етілуін арттыруға кепілдік береді», - деді министр.
Бұған қоса, биыл аспалы алаңы бар 1953 км суару каналдары пайдалануға берілмек.
Министрлік барлық жоспарланған бастамаларды іске асыру аясында 2030 жылға қарай 10 млрд текше метр суды үнемдеуді және жинақтауды жоспарлап отыр.