Біздің міндетіміз – тұрғындарды бұқаралық спортқа тарту - Мәжіліс депутаты

Azattyq Rýhy

Мәжіліс депутаты Қаражал қаласының тұрғындарымен кездесті 

Біздің міндетіміз – тұрғындарды бұқаралық спортқа тарту - Мәжіліс депутаты
Фото: Amanat партиясы баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай Ұлытау облысы Қаражал қаласында жұмыс сапарымен жүр. Мұнда депутат бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, азаматтарды қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат «AMANAT» партиясының өңірлік сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан қоғамдық бассейннің құрылыс жұмысымен танысты. Мұндағы басты мақсат – инфрақұрылым мен тұрғындардың өмір сапасын жақсарту.

«Біздің міндетіміз – тұрғындарды бұқаралық спортқа тарту, оған жағдай жасау. Осындай нысандар қала тұрғындарының денсаулығын жақсартуға, олардың бос уақытын барынша тиімді өткізуге, сонымен қатар жас ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына мол мүмкіндік береді. Бұл бассейн қала тұрғындарының спортпен шұғылдануға, демалуға арналған сүйікті орнына айналатынына сенімдімін», – деді мәжілісмен.

Құрылыс жұмысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Бассейн жобасы қазірдің өзінде қала тұрғындарының назарын аударып, қолдау табуда.

«Отбасымыз қалада осындай нысанның салынуын көптен бері күтіп жүр. Енді балалар жылдың кез келген мезгілінде суға шомылып, жүзумен айналыса алады. Бұл – ең пайдалы спорт түрі», – деді Қаражал қаласының тұрғыны Айгүл Сәулебекова.

Дәл осы күні Аманжол Әлтай азаматтарды қабылдады. Қаражалдықтар депутатқа: қалалық инфрақұрылымның жай-күйі, әлеуметтік төлемдер мөлшерін арттыру, сондай-ақ денсаулық сақтау және білім беру мәселелері бойынша жүгініп, өздерін толғандырған сұрақ-сауалдарын жолдады.

Бұған қоса, тұрғындар қалалық ортаны жақсарту мәселесіне қатысты өз ұсыныс-тілектерін жеткізді. Мәжілісмен әр сұрақ-сауал бойынша егжей-тегжейлі түсініктеме беріп, бірқатар өзекті мәселені өз бақылауына алды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.