Үкімет Маңғыстау облысындағы су жетіспеушілігі мәселесін қалай шешіп жатыр

Azattyq Rýhy

Бүгінде өңірдегі су тапшылығы – ең өзекті мәселелердің бірі

Үкімет Маңғыстау облысындағы су жетіспеушілігі мәселесін қалай шешіп жатыр
Фото ашық дереккөзден

Үкімет Каспий тұщыту су зауытын кеңейту үшін 5,6 миллиард теңге қаржы бөлу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Үкімет отырысында Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Оның айтуынша, бұл шара облыстың 3 ауданындағы 180 000 адамды сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Жақында мен Маңғыстау облысында болдым. Өздеріңіз білетіндейғ, тұрғындарды сумен қамтамасыз ету бойынша проблема бар», - деді Әлихан Смайылов.

Фото: primeminister.kz

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев осы сұрақ бойынша Премьер-министрге зауытты кеңейту бойынша жұмыстардың қалай жүргізіліп жатқаны туралы есеп берді.

«Президенттің тапсырмасына сәйкес және сіздің қолдауыңызбен біраз жұмыс жүзеге асып жатыр. Мұнайлы ауданын сумен қамтамасыз ету бойынша осы 2-3 күннің ішінде келеңсіздіктер болды. Негізі, Маңғыстау облысында мамырдың соңынан қыркүйектің басына дейін су жетіспеушілігі байқалады. Ол технологиялық насостың істен шығуына байланысты», - деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, зауыт басшылығының дер кезінде қабылдаған шешіміне шешімінің арқасында қазір Мұнайлы ауданына су беріліп отыр.

«Қазіргі таңда Каспий су тұщыту зауытында 20000 текше метр суды игеретіндей қондырғылар жұмыс жасап тұр. Судың көлемін 40 000 текше метрге дейін көтеру туралы жоба жүзеге асып жатыр. Құрылыс монтаждау жұмыстары 80 пайызға аяқталды, қондырғылар дайындалу үстінде. Тамызда сол қондырғылар Маңғыстауға келе бастайды. Содан бастап монтаждау жұмыстарымен айналысамыз»,- деді Ноғаев.

Сондай-ақ Маңғыстау облысының әкімі бөлінген 5,6 млрд теңгенің үлкен көмек екенін айтты.

Үкіметтің мәліметі бойынша бүгінде өңірдегі су тапшылығы – ең өзекті мәселелердің бірі.

Фото: primeminister.kz

Судың жетіспеушілігі тәулігіне 77 200 текше метрді құрайды. Ауыз судың тапшылығы, әсіресе, жаз мезгілінде қатты сезіледі.

Мұнайлы ауданында күрделі жағдай қалыптасып отыр. Қазіргі уақытта «Каспий» су тұшыту зауытындағы істен шыққан сорғы қондырғысының жөнделіп жатқанына байланысты аудандағы су беру мөлшері тәулігіне 13 мың текше метрден 10 мың текше метрге дейін азайған.

Аудан тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мәселені кезең-кезеңімен шешу үшін өңірде су тұшыту зауыттары мен қондырғылардың құрылысы жүргізілуде.

Тақырыпқа орай: Тоқаев Маңғыстаудағы ауыз су тапшылығы мәселесін шұғыл шешуді тапсырды

Халық санының жыл сайын өсуіне байланысты «Каспий» су тұшыту зауытының қуатын тәулігіне 20 мың текше метрге арттыру қажет. Бұл ауызсу беру мөлшерін тәулігіне 40 мың текше метрге дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Осы мақсатта Үкімет резервінен 5,6 миллиард теңге бөлу жөнінде шешім қабылданды.

Мұнайлы ауданын сумен «Маңғыстау жылу» МКК қамтамасыз етеді. Ауызсу тапшылығына байланысты «Маңғыстау жылу» МКК халыққа суды құбыр арқылы кесте бойынша жеткізеді. Сонымен қатар суды аудан тұрғындарының сұранысы бойынша су таситын көлікпен әкеледі.

«Каспий» су тұшыту зауытының қуатын тәулігіне 40 мың текше метрге дейін жеткізу жөніндегі жобаның жүзеге асырылуы Мұнайлы ауданының ауылдары мен Қарақия ауданы Құрық ауылының тұрғындарын сумен үздіксіз қамтамасыз етуге және су тапшылығын толық жоюға мүмкіндік береді.

Бақытжан Баймахан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.