$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.10.2021, 11:58
Үкімет

Агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты екі есе ұлғаяды - АШМ

Үкімет АӨК дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын бекітті

Агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты екі есе ұлғаяды - АШМ
Фото: ашық дереккөзден

2021 жылғы 12 қазанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысы өтіп, онда Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы қаралды. Бұл туралы Azattyq Rýhy Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды

«Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, жобаны іске асыру нәтижесінде еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру,  отандық өндірістің негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету, өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есеге ұлғайту, сондай-ақ 7 ірі экожүйе қалыптастыру және инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты арттыруға қол жеткізу қажет», - делінген ведомство хабарламасында.

Ведомство басшысы Үкімет мүшелеріне межеленген мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған, ұлттық жоба болжайтын факторлар мен тетіктер туралы толық баяндап берді.

Мәселен, ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін импортты алмастыру мәселелері кешенді түрде шешілетін болады. Министрлік құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік және сүзбе, алма, қант және балық сияқты көп импортталатын позицияларды анықтады.

«Бүгінгі таңда осы бағыттардың әрқайсысы бойынша нақты инвестициялық жобалар анықталып, іске асырылуда. Нәтижесінде 2024 жылға қарай аталған өнім түрлері бойынша қанттан басқа қамтамасыз етілу 100%-ды, ал қант 80%-ды құрайтын болады.

Ұлттық жобаның басымдығы ет, жемістер, көкөністер, қант, дәнді, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру мен қайта өңдеуді қоса алғанда, ірі инвестициялық жобалар айналасында 7 экожүйені қалыптастыру болады. Бұл қосылған құны жоғары түпкілікті қазақстандық өнім жасауға қатыса алатын кемінде 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын іске тартуға мүмкіндік береді.

Жалпы Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде бес жыл ішінде еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру, 500 мың адамды жұмыспен қамтамасыз ету, осылайша 1 млн. ауыл тұрғынының табысын арттыру жоспарлануда», - деді Ербол Қарашөкеев.

Еске сала кетейік, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді.

Серіктес жаңалықтары