ШұғылCOVID-19: Қазақстанда вирус жұқтырғандар саны 406 мыңнан асты

Еурокомиссия Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігіне қатысты баға берді

Сарапшылар Bek Air әуе апатынан кейінгі жағдайларға алаңдаушылық білдірген

фото: Гүлдала елдімекенінде болған ұшақ апаты, 2019 жылдың желтоқсаны

Наурыз айында Еуропалық комиссияның ұшу қауіпсіздігі комитетінің Қазақстанның авиациялық әкімшілігі және ҚР Азаматтық авиация комитетінің қызметі тыңдалды. Кездесу барысында Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігін қадағалау жағдайы, сондай-ақ елімізде сертификатталған әуе тасымалдаушылардың жағдайы егжей-тегжейлі қаралды. 

Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас директоры Питер Гриффитс және Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев толық есеп берді, оны қарау қорытындысы бойынша Еуропалық комиссия бүгінгі күні қазақстандық әуе компанияларды Еуропалық Одаққа ұшуға тыйым салынған әуе тасымалдаушылар тізіміне («қара тізім») енгізу үшін негіз жоқ деп шешім қабылдады.

«Бұл көрсеткішке алдыңғы қатарлы елдердің басқару моделіне негізделген азаматтық авиация саласын реттеудің жаңа тәсілін енгізу және Қазақстанның авиациялық билік орындарының жүргізген жүйелі жұмыс нәтижесінде қол жеткізілді. Еуропалық комиссияның Қазақстанның авиациялық билік орындарына наразылықтары жоқ және сарапшылардың Bek Air әуе апатынан кейін және ұшу қауіпсіздігіне күмән келтіретін басқа жағдайларға алаңдаушылық білдіргенімен, қара тізімге ену мүмкіндігі барынша азайтылды», - делінген Азаматтық авиация комитетінің хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, 2009 жылғы тыңдау қорытындысы бойынша Еурокомиссия қазақстандық әуе тасымалдаушыларды «қара тізімге» енгізу туралы шешім қабылдады.

«Еуропалық комиссияның Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі комитеті ұшу қауіпсіздігі саласында анықталған кемшіліктерді жоюда Қазақстанның авиациялық билігінің қол жеткізген прогресін атап өтеді. Бұл кеңес сындарлы болды және ұсынылған ақпарат ұшу қауіпсіздігін бақылауды үнемі жақсарту үшін Қазақстанның авиациялық әкімшілігі және Азаматтық авиация комитеті халықаралық стандарттарды енгізуге және сақталуын қамтамасыз етуге бейілділігін көрсетті», - деп жазылған Мобилділік және көлік жөніндегі Еуропалық комиссияның бас дирекциясы Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің басшысына ресми хатында.

Қазір Қазақстанда 55 әуе компаниясы жұмыс істейді. Инспекциялық тексеру қорытындысы бойынша Bek Air, Sigma Airlines, Jet Airlines, JENIS AIR, Phoenix, Qazaq Helicopters, AZEE AIR, MS air KZ сияқты 8 авиакомпанияның қызметі тоқтатылған.