$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.05.2021, 10:24
Үкімет

«Ректор тізімі» дегенді ұмытамыз»: Білім министрі докторантураға қабылдау жайын айтты

БҒМ магистратура мен докторантураға түскенге дейінгі барлық процесті электрондық форматқа көшірді

«Ректор тізімі» дегенді ұмытамыз»: Білім министрі докторантураға қабылдау жайын айтты
фото: Асхат Аймағамбетов

Жақында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ҰБТ-ны электрондық форматқа көшіру туралы жазба қалдырды. Министрдің айтуынша, қоғам бұл өзгерістерді қоғам жақсы қабылдап, қолдау білдірген.

Ведомство тек осы емтиханды ғана емес, барлық іріктеу іс-шараларының форматын ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету үшін өзгертпек.

Біріншіден - оқушылардың пәндік олимпиадасы.

«Біз биыл ақпан айында алғаш рет оқушылар арасында республикалық олимпиаданы электрондық форматта өткіздік. Әр қатысушыға жеке компьютер берілді, әр оқушының іс-әрекетін бейнекамера бақылап отырды. Сонымен қатар арнайы орталықта кезекшілер барлық процесті қадағалай алып, прокторинг жүйесі де қолданылды. Әлеуметтік желілерде және арнайы порталда ашық трансляция жүргізілді», - дейді министр.

Бұған қоса, биыл олимпиада тапсырмаларын тексеру жүйесі де өзгерген. Бұрын қазылар алқасы мүшелеріне балалардың жұмыстары пропорционалды түрде берілсе, енді бағалау кезінде субъективизмді төмендету үшін қазылар алқасының әр мүшесі бір ғана тапсырманы көріп, бағалайды.

Алдағы жылдары да олипиаданың облыстық және республикалық кезеңдері тек қана осындай форматта өтеді.

Екіншіден - докторантураға қабылдау. Биыл докторантураға түсу емтихандары да ҰБТ-ға қойылған талаптар негізінде және Ұлттық бірыңғай тестілеу жүргізілген пунктерде өтеді.

«Бұл бізге «ректорлар тізімі» деген алып-қашпа сөзді және осындай тәуекелдерді ұмытып, докторантураға ең мықты және лайықты үміткерлердің оқуға түсуіне тиісті жағдай жасауға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Эссені де, басқа да тапсырмаларды да осы компьютерлермен бейнекамералардың алдында отырып жазатын болады», - деп түсіндірді БҒМ басшысы.

Үшіншіден - магистратураға түсу. Былтыр магистратураға түсушілердің емтиханын пилоттық режимде электрондық форматта қабылдады. Биыл бұл жұмыс жалғасын табады. Бұдан былай магистратураның емтихандары осы форматта өтеді.

«Министр болып тағайындалғаннан кейін бірден педагогтерге арналған Ұлттық біліктілік тестілеуді қағаз форматынан электрондық форматқа көшіргеніміз естеріңізде болар. Осыған байланысты тестілеуді жақсы тапсырған адамдардың саны бірден бірнеше есе қысқарғанына қарамастан, бұл жүйе сыбайлас жемқорлық пен көшіріп алу тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік берді.

Бұл бағыттағы жұмыстың әлі де жетілдірілетін тұстары бар екенін білеміз», - деді министр.

БҒМ олимпиада, ҰБТ-ны ұйымдастырудан бастап магистратура мен докторантураға түскенге дейінгі барлық процесті электрондық форматқа көшірді.

Еске салайық, бұған дейін Білім және ғылым министрі диссертация қорғау бойынша енгізілген өзгерістер туралы айтқан

Серіктес жаңалықтары