Доллар қымбаттап жатыр: ақшаны қайда сақтаған дұрыс

Azattyq Rýhy

Доллардың рубльге бағамы өсіп жатыр

Доллар қымбаттап жатыр: ақшаны қайда сақтаған дұрыс
Фото: istockphoto.com

Бұған дейін АҚШ Москва биржасына санкция жариялаған болатын. Бұл жағдай рубль мен доллар арасындағы баланстың алшақтауына алып келуі ықтимал. Тіпті, кейбір сарапшылардың айтуынша, Ресейдің Орталық банкі 1 доллар 90 рубльге тең деген ресми курс белгілесе де қара нарықта доллар 150 рубльден қымбатқа сатылуы мүмкін, деп жазады Azattyq Rýhy.

Бұған дейін Ресейге салынған санкцияларға қарамастан Ресейдегі шетелдік валюталардың бағамы Мәскеу биржасындағы сауда-саттық нәтижесінде түзіліп отырды. Өйткені, валюта бағамын нарықтық жолмен қалыптастыратын басқа ресейлік қаржы биржасы жоқ еді. Енді Мәскеу биржасындағы шетелдік валютадағы құнды қағаздардың барлық сауда-саттығы толықтай тоқтап отыр.

«Ресейдің бас Қор биржасы Москва биржасында доллар және евро саудаға шығарылмайтын болды. Өте күрделі ақша мәселесі туындауы мүмкін. Мәскеу қор биржасында юань-рубль бағамы анықтаушы бағам ретінде жариялануы мүмкін. Ресей орталық банкі доллар мен еуроны кросс курсы арқылы,  Пекин мен Шанхай биржасындағы юань-доллар бағамы арқылы анықтаса, рубль айтарлықтай құнсызданбауы да мүмкін. Ресей азаматтары мен кәсіпорындары Ресей  банктерінде рубльді алдымен юаньға, содан кейін Қытай банктері филиалдарында доллар мен еуроға айырбастай алады», - дейді экономист Сапарбай Жубаев.

Сарапшының айтуынша, Ресей өз қаржы нарығын реттеу үшін Қытайдан көмек сұрауы мүмкін. Бірақ АҚШ Қытай банктеріне санкция жариялау арқылы шара қолдануы ықтимал. Ресейдегі жағдай доллар-теңге айырбастау бағамына да әсер етеді.

«Доллардың теңгеге бағамы біраз өседі.  Бірақ, Ұлттық қордан валюта биржада көбірек сатылса баланс сақталуы мүмкін. Қолында 1-2 млн қаражаты барлар 50%-ын теңгеге, 50%-ын доллар немесе еврода ұстауы тиімді. Ал 3-10 млн жинағы барлар ақшаны 4-ке бөліп ұстағаны дұрыс: 25% теңге, 25% доллар, 25% жылжымайтын мүлік, 25% бизнес немесе акциялар», - дейді  Жубаев.

ҚР Ұлттық банкінің дерегіне сәйкес, 17 маусымдағы валюта бағамы USD / KZT –  450.79 АҚШ доллар деп бекітілді. Бірақ https://kurs.kz/ -де доллар 454.2-ден сатылып, 452.8-ге алынып жатыр.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәліметінше,  ұлттық валютаға қазіргі ішкі факторлар қолдау көрсете алады. Атап айтқанда 2024 жылғы қаңтар-сәуірде импорттық тауарлар 7,8% қысқарған. Бұған қоса, Ұлттық банктің мәліметінше, осы тоқсанда сыртқы қарызды өтеу бойынша төлемдер 6 жарым млрд доллар болды. Бұл көрсеткіш өткен кезеңмен салыстырғанда 19,4%-ға төмен екен. Яғни, ұлттық валютанының долларға шаққандағы бағамын тым құнсыздандырып жібермес үшін сауда балансын сақтау, сыртқы борышты өтеу бойынша төлемдердің қалыпты деңгейде сақтау көзделген.

Жанат Ерболған

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.