Биыл Қазақстанда суперкомпьютер іске қосылады

Темірхан Айжан

Суперкомпьютер - бұл графикалық карта технологиясына негізделген бірнеше басқа технология негізінде жұмыс істейтін серверлік қуат

Биыл Қазақстанда суперкомпьютер іске қосылады
Фото: freepik.com

Cуперкомпьютерді іске қосу Қазақстанның Орталық Азиядағы жасанды интелекті дамыту саласындағы көшбасшылығын айқындайды және отандық компаниялар мен көршілес елдер үшін есептеу қуатын жалға алуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің инновацияларды дамыту департаментінің директоры Дархан Мырзабаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 - жылдың соңына дейін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ және Group 42 компаниясымен бірлесіп, неғұрлым заманауи технологияларды пайдалана отырып, суперкомпьютерді іске қосатын болады. ЦДИАӨМ есептеу қуатын жалға алу және сатып алу түрінде технологиялық инфрақұрылым (суперкомпьютер) құрып, оны мамандандырылған деректер орталықтарында орналастыруды көздейді. Жасанды интеллект үшін қажетті есептеу ресурстарының көлемі мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындарының, ғылыми қоғамдастықтың және жеке сектордың қажеттіліктеріне сәйкес айқындалады», - деді спикер.

Оның айтуынша, суперкомпьютер жасанды интеллект модельдерін әзірлеуге қызмет етеді және ғылыми, академиялық ортада, сондай-ақ жасанды интеллект өнімдерін жасағанда коммерциялық мақсатта қол жетімді болады, бұл жасанды интеллектің есептеу ресурстарына деген сұранысты қанағаттандырады.

«Суперкомпьютер - бұл графикалық карта технологиясына негізделген бірнеше басқа технология негізінде жұмыс істейтін серверлік қуат. Ол «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Деректерді өңдеу орталығында орналастырылатын болады. Барлық қажетті инфрақұрылым әзірленді. Жыл соңына дейін бұл суперкомпьютер іске қосылады. Оның қуаты мемлекеттік секторға да, ғылыми ұйымдарға да беріледі. Сондай-ақ біз суперкомпьютердің серверлік қуатын қамтамасыз ету арқылы стартаптар мен бизнес қауымдастықтарға қолдау көрсетуді жоспарлап отырмыз», - деді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин.

Бұдан бөлек, «ҰАТ» АҚ өкілінің айтуынша, Ұлттық жасанды интеллект платформасы құрал-сайман, жаңа өнімдер мен жасанды интелекті пайдалана отырып, жаңа жүйелерді құруға арналған алаң ретінде ұсынылады.

Еске салайық, биыл 15 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау қаласындағы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде елімізде суперкомпьютер жасалатынын айтқан еді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.