Қазақстанда ақпан айында инфляция өсті

Өсім бір айда 1,1 пайызды құрап отыр

Қазақстанда ақпан айында инфляция өсті
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әсет Құндақбаев

2024 жылғы ақпанда Қазақстанда тұтыну бағаларының айлық индексі үдеп, 1,1%-ды құрады. Бұл ретте бір жылдағы инфляция 9,3 пайызды құрады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Баға ақылы қызметтерге бір жылда 12,8% (2024 жылғы қаңтарда – 12,3%), азық-түлік емес тауарларға – 8,5% (2024 жылғы қаңтарда – 8,6%), азық-түлік тауарларға – 7,4% өсті (2024 жылғы қаңтарда – 8,2%).

«Өткен жылғы ақпанмен салыстырғанда тарифтер су бұруға – 33,9%, орталықтан жылытуға – 30,9%, суық суға – 30,8%, қоқыс шығаруға – 30,7%, ыстық суға – 29,4%, электр энергиясына 19,9% өсті.Баға кешенді демалыстарды ұйымдастыру қызметтеріне – 21,5%, санаторийлер қызметтеріне – 16%, денсаулық сақтау қызметтеріне – 13,9%, демалыс және спорттық іс-шаралар саласындағы қызметтерге – 13,3%, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындары қызметтеріне – 13,1%, ұялы байланыс қызметтеріне 12,4% жоғарылады. Таксимен жол жүру – 11,7%, қалалық автобуспен – 9,3%, жолаушылар теміржол көлігімен – 8,7%, қалааралық автобуспен 8,2% қымбаттады. Жолаушылар әуе көлігімен жол жүру 4% арзандады», - деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі.

Баға деңгейі фармацевтикалық өнімдерге – 11,7%, жиһаз және үйге қажетті заттарға, киім және аяқ киімге – 11%-дан, жеке қолданылатын тауарларға – 10,9%, ыдысқа – 9,2%, құрылыс материалдарына 6,9% өсті. Дизель отыны – 14,5%, бензин – 13,6%, сұйытылған газ баллондағы 12,9% қымбаттады.

Бағаның өсуі күрішке – 26%, жұмыртқаға – 18,3%, жаңа жиналған жемістерге – 17,2%, минералды және ауыз суға – 16,9%, салқындатылған сусындарға – 16,6%, алкогольді ішімдіктер және темекі өнімдерге – 14,4%, жеміс және көкөніс шырындарға – 12,5%, сары майға – 12,2%, пастерленген сүтке – 11,3%, консервіленген сүтке – 11,2%, тоқаш және ұннан дайындалатын кондитер өнімдерге – 11%, майлылығы 2,5% айранға – 10,9%, макарон өнімдері және қамырдан жасалған өнімдерге – 10,4%, балық және теңіз өнімдерге 10,1% тіркелді. Бағаның төмендеуі пиязға – 42,5%, қарақұмық жармасына – 24,3%, күнбағыс майына – 21,2%, құмшекерге – 14,8%, картопқа 12% байқалды.

«Өңірлер бөлінісінде 2024 жылғы ақпанда инфляция жылдық мәнде орташа республикалық деңгейден асатын он өңірде қалыптасты, олардың ішінен ең жоғары Қарағанды (11,5%), Шығыс Қазақстан (10,2%) және Маңғыстау (10%) облыстарында.Инфляцияның жылдық деңгейіне ең үлкен үлесті азық-түлік және алкогольсіз сусындар (2,8 пайыздық тармақ), тұрғын үй қызметтері (1,9 пайыздық тармақ), киім және аяқ киім (1 пайыздық тармақ) қосты», - делінген хабарламада.

Өткен жылда баға нан өнімдері мен жармаларға – 9,4%, ет және ет өнімдеріне 6,5% жоғарылады және инфляцияға тиісінше 0,6 және 0,8 пайыздық тармақ негізгі үлес қосты. Жылдық инфляцияға жұмыртқалар – 18,3%, алкоголсіз сусындар 10,7% қымбаттауы және 0,2 пайыздық тармақтан, сүт өнімдері (10%), жемістер мен көкөністер (6,2%) – 0,4 пайыздық тармақтан үлес қосты.

ТКШ қызметтері бір жылда 14,4% қымбаттады, ал олардың инфляцияға үлесі 1,9 пайыздық тармақты құрады. 2024 жылғы ақпанда орталықтан жылыту өткен жылғы ақпанмен салыстырғанда 30,9% жоғары болды және жылдық инфляцияға 0,3 пайыздық тармақ, электрэнергия (19,9%) – 0,4 пайыздық тармақ, тұрғын үй-жайларды жөндеу және қызмет көрсету бойынша қызметтер (7,9%), тұрғын үйді жалға алу (7,5%) – 0,2 пайыздық тармақтан үлес қосты.

Бір айда ақылы қызметтер бағасының деңгейі 1,7%, азық-түлік тауарларға – 0,8%, азық-түлік емес тауарларға – 0,7% өсті.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.