Италиялық инвесторлар Маңғыстау облысында газ өңдеу зауытын салмақ
Мемлекет басшысы Италияның кәсіпорын басшыларымен кездесті
Әңгімелесу барысында Қазақстан мен Eni компаниясы арасындағы өткен жылғы ынтымақтастықтың нәтижелері және алдағы ықпалдастықтың әлеуеті қарастырылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Былтыр Каспий құбыр желісі консорциумы арқылы 63,5 миллион тонна мұнай тасымалданды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қашаған және Қарашығанақ кен орындарында мұнай өндірудің жалпы көлемі 30,8 миллион тоннаны құрады.
Президенттің пікірінше, Қазақстан Үкіметі мен консорциумның барлық қатысушысының, соның ішінде Eni компаниясының бірлескен күш-жігерінің арқасында осындай нәтижеге қол жеткізілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе және Түркістан облыстарында жалпы қуаты 150 МВт болатын жел және күн электр станцияларының құрылысына қатысты жүзеге асырылған жобаларды жоғары бағалады.
«Сонымен қатар Мемлекет басшысына италиялық компанияның Маңғыстау облысында газ өңдеу зауытын, қуаты 250 МВт болатын гибридті электр станциясын салу және алдағы уақытта биодизельге өңдеу үшін өсімдік майын өндіру жоспары туралы мәлімет берілді», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ Президент Maire Tecnimont компаниясының Бас атқарушы директоры Алессандро Берниниді қабылдады.
Әңгімелесу барысында энергетика және мұнай химиясы салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.
Мемлекет басшысы компанияның декарбонизация және энергетикаға көшу жөніндегі жобаларды іске асыру ісінде мол тәжірибесі бар екенін, сондай-ақ оның 45 елде кең көлемде жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
«Президенттің айтуынша, Қазақстан көмірқышқыл газының қалдықтарын айтарлықтай азайтуға және жасыл технологияларды дамытуға бағытталған Maire Tecnimont компаниясының маңызды жоспарына зор қызығушылық танытып отыр. Себебі еліміз Париж келісімі аясында 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөнінде міндеттемелер қабылдады және өндірісте үздік технологияларды енгізуге ұмтылады», - делінген хабарламада.
Алессандро Бернини Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның әлем бойынша іске асырып және әзірлеп жатқан ірі жобалары туралы мәлімет берді. Сондай-ақ Қазақстанның энергетика секторын дамыту жөнінде өз ұсыныстарын айтты.
Мемлекет басшысы компанияның елімізде газ-химия кешенін салуға қатысу ниетін оң бағалады. Maire Tecnimont компаниясымен Атырау облысындағы газ-химия кешені құрылысының екінші кезегінің полимерлеу учаскесін жобалау жөніндегі шартқа өткен жылдың сәуір айында қол қойылды.